7 сәуірде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына 10 жыл толды. Осы уақыт ішінде ол мемлекет пен азамат арасындағы негізгі қызмет көрсету арнасына айналды. Бүгінде жүйе жыл сайын ондаған миллион өтінішті қамтып, мемлекеттік қызметтердің басым бөлігін «бір терезе» қағидатымен ұсынады.
Осы жылдар ішінде елде мемлекеттік қызмет алудың біртұтас жүйесі қалыптасты. Соның арқасында қызмет алу бұрынғыдан әлдеқайда жеңіл әрі қолжетімді болды. Азаматтар енді қызметті өзіне-өзі қызмет көрсету терминалдары арқылы да, бейне ХҚКО арқылы да ала алады. Биометриялық сәйкестендіру енгізіліп, көптеген қызмет цифрлық форматқа көшті Өзгерістердің ауқымы нақты көрсеткіштерден де көрінеді. Бүгінде ХҚКО арқылы жыл сайын орта есеппен 23 миллионнан астам қызмет көрсетіледі. Бұдан бөлек, миллиондаған өтініш мобильді қосымшалар мен онлайн-сервистер арқылы рәсімделеді. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн қолжетімді. «ЦОН» мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ алуға болады. Тек 2025 жылдың өзінде қосымшаны 2 миллионнан астам адам жүктеген. Қосымша арқылы азаматтар кезекке жазылып, өтініштерін бақылап, бірқатар қызметті қашықтан рәсімдей алады.Сонымен бірге, корпорация тек қызмет көрсетумен шектелмей, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында да жұмыс жүргізіп отыр. Оқыту сабақтары еліміздің барлық өңіріндегі ХҚКО-ларда практикалық форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға цифрлық қызметтерді еркін пайдалануды және өз бетінше онлайн алуды үйретеді. Тек наурыз айының өзінде бүкіл ел бойынша шамамен 700 қазақстандық цифрлық дағдыларын жетілдірді. Бұл жүйеде бүгінде 16 мыңға жуық маман еңбек етіп, қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етіп келеді. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету тек цифрлар мен процестер ғана емес, ең алдымен азамат пен мемлекет арасындағы байланысты жеңілдетіп, оны түсінікті әрі ыңғайлы еткен жүйеге айналды.