Қазақстан Үкіметі ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен «Ultradecor Trading Kazakhstan» ЖШС арасында Солтүстік Қазақстан облысында ағаш өңдеу зауытын салу жөніндегі инвестициялық келісімге қол қоюды мақұлдады. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды. Жалпы құны 70 млрд теңгені құрайтын жоба 2026–2028 жылдары жүзеге асырылады. Нәтижесінде кемінде 160 тұрақты жұмыс орны ашылып, өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті артады. Кәсіпорын жылына шамамен 600 мың текше метр ДСП және 20 млн шаршы метр ЛДСП өндіреді.

Келісімге сәйкес, өндірісте отандық тауарлар мен қызметтер міндетті түрде пайдаланылады, ал өнімнің кемінде 50%-ы ішкі нарыққа бағытталады. Зауыт толық қуатының 80%-ына жеткенде, экспорт көлемі жылына 60 мың текше метрге дейін ұлғаяды. Сонымен қатар, инвестор әлеуметтік міндеттемелерді орындап, қызметкерлерді оқыту мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді. Жоба ағаш өңдеу саласын дамытуға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және елдің экспорттық әлеуетін нығайтуға серпін береді.