Петропавл қаласында «SHYN CUP II» республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Зияткерлік дода Манаш Қозыбаев атындағы университетте ұйымдастырылды. Турнир «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық студенттік бірлестігі бастамасымен, облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен және «SHYN» дебат клубының ұйымдастыруымен «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында өтті.
Аталған турнир осымен екінші рет ұйымдастырылуда. Биыл қатысушылар британдық парламенттік және Линкольн-Дуглас форматтарында пікірсайысқа түсіп, сыни ойлау қабілетін дамытуға және дәлелді пікірталас мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік алды. Дебат барысында қазақ кино индустриясы мен саяси жүйеге қатысты өзекті тақырыптар талқыланды.
СНХР: ЭЛЬМИРА МҰСТАФИНА, «SHYN» ДЕБАТ КЛУБЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ, KOZYBAYEV UNIVERSITY
Аталған республикалық доданың төрелігін еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған тәжірибелі пікірсайысшылар қамтамасыз етті. Қазылар алқасы ойындардың өту тәртібін қадағалап, қатысушылардың аргументациясы мен талдау деңгейін бағалады.
СНХР: АЙЫМ АЙТПАНБЕТ, ҰЛТТЫҚ ДЕБАТ ФЕДЕРАЦИЯСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
Додаға еліміздің түрлі өңірлерінен келген 32 команда қатысты. Әр команда екі спикерден құралды. Бакалавр және магистр дәрежесіндегі студенттер бақ сынап, өзара тәжірибе алмасты. Сондай-ақ арнайы дайындалған аудиториялар кинотуындылар стилінде безендіріліп, ерекше атмосфера қалыптастырды.
СНХР: ӘСЕМ АЗИЕВА, ҚАТЫСУШЫ, ҚОСТАНАЙ ҚАЛАСЫ
Турнирдің жалпы жүлде қоры 585 мың теңгені құрайды. Жеңімпаздар мен финалистер ақшалай сыйлықтармен, кубоктармен және дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, «Үздік спикер» және «Үздік төреші» номинациялары бойынша үздіктер анықталып, арнайы жүлделер табысталды.