Петропавл қаласының Назарбаев Зияткерлік мектебінде тірек мектептердің ұстаздарына арналған "Lesson Study" сабақты зерттеу әдістемесі бойынша семинар өтті. Іс-шараны Педагогикалық шеберлік Орталығының қалалық филиалы ұйымдастырды.
Бүгінде "Lesson Study" сабақты зерттеу әдістемесі еліміздің көптеген мектептерінде сәтті қолданылып келеді. Әдістемені сабақтың мазмұнын жақсарту мақсатында бір пән мұғалімдері немесе түрлі пән мұғалімдері бірлесіп іске жарата алады. Семинар барысында қатысушылар "Lesson Study" өткізудің әдістемесін талқылады - сабақтарды жоспарлау, бақылау және талдау кезеңдерін талдады, сондай-ақ өз тәжірибелерімен бөлісті.
ЖӘНИЯ ОПАНОВА, «ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ШЕБЕРЛІК ОРТАЛЫҒЫ» ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАЛЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- Бұл іс-шарада біз "Lesson Study" яғыни сабақты зерттеуді қалай жүргізуге болады, оны зерттеуде не маңызды, қандай тақырып таңдау керек, мәселені қалай анықтау керек және әрі қарай мектептің ішінде сол мәселені шешу үшін іс ірекеттерді зерттеу мен сабақты зерттеуді қалай дұрыс тиімді ұйымдастыруға болады сол туралы жасадық. Бұл іс-шараға бізде он тірек мектептің сабақ зерттеумен айналысатын мұғалімдері келді. Енді көпшілігінде зерттеу бар. Бір жылдан астам зерттеумен айналысып жатқандар да бар. Кейбіреулері жаңадан бұл зерттеуге кіріп жатыр және де қалай ұйымдастыруға болады, не істеуге болады, мәселені қалай анықтаймыз деген сұрақтарына жауап алып жатыр.
Іс-шара барысында мұғалімдер осы тәсіл туралы білімдерін жаңартып қана қоймай, Петропавлдағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары жүргізген зерттеулердің тәжірибеде қалай іске асатынын көрді.
Шоқан Уәлиханов ауданы Кішкенекөл орта мектебінің физика және информатика пәні мұғалімі Әсемгүл Шаимованың айтуынша, ол мұндай іс-шараға үшінші жыл қатарынан қатысып отыр. Биыл «Физикалық терминдерді қолдану» тақырыбын таңдаған.
ӘСЕМГҮЛ ШАИМОВА, КІШКЕНЕКӨЛ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ФИЗИКА ЖӘНЕ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ:
- Мына жерде сабақты зерттеуге арналған әдіс тәсілдер арқылы көп ақпарат алдым және біз көптеген әріптестермен тәжірбие алмасып отырмыз. Енді осы жерде менің 3 жылдық тәжірбием бар. Ең бірінші жылы жұмыс жасаған кезде әр түрлі пәндерінің мұғалімдері қатысты. Командада мысалы орыс тілі, ағылшын, физика, математика пәндерінің ортақ бір мәселесі болды. Екінші жылы мен сынып жетекші ретінде осы оқушыларымыды зерттедім. Ал осы жылы тек қана мектебіміздің физика мұғалімдерлерімен ғана жұмыс жасап отырмын.
Семинар қорытындысы бойынша педагогтар жұмыстарына қажетті жаңа тәжірибе жинақтап, «Lesson Study» әдістемесін өз оқу орындарында енгізуге дайын. Мұндай тәсіл мұғалімдердің кәсіби дамуына ғана емес, сондай-ақ өңірдегі мектептерде оқу үдерісінің тиімділігін арттыруға да ықпал етеді.