Дрондар жол қозғалысын бақылауда
Петропавл көктен жолдағы тәртіпті бақылайтын жаңа технология іске қосылды. Ұшқышсыз аппарат 5 шақырым радиуста ұшып, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын әуеден бақылайды. Ол қауіпсіздік белдігін тақпау, рөлде телефон пайдалану және қарсы бағытқа шығу секілді құқық бұзушылықтарды анықтайды. Жоба әзірге пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.
Жаңа жобаны «Қазақтелеком» АҚ СҚО Полиция департаментімен бірлесіп жүзеге асыруда. Аппарат жолдағы жағдайды жоғарыдан бақылап, анықталған құқық бұзушылықтарды бейнетіркеуге мүмкіндік береді. Тіркелген деректер автоматты түрде полиция қызметкерлеріне жіберіледі.
АЛТЫНБЕК ЖАМАЛИЕВ, СҚО ПД ӘКІМШІЛІК ПОЛИЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
Полиция қызметкерлері бейнежазбаны қарап, құқық бұзушылық расталған жағдайда көлікті тоқтатып, тиісті әкімшілік шара қолданады. Аппарат таңғы сағат 9-дан кешкі 8-ге дейін пайдаланылады. Бір ретте дрон бір сағатқа дейін үздіксіз ұша алады.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биыл дрондардың көмегімен 286 құқық бұзушылық анықталған. Соның нәтижесінде жол-көлік оқиғалары 7 пайызға, ал республикалық маңызы бар жолдардағы апаттар 19 пайызға азайған. Полиция өкілдері цифрлық технологиялар жолдағы тәртіпті күшейтіп, жүргізушілерді рөлде барынша сақ болуға үндейтінін атап өтті.