«Батыр. Қаламгер. Қайраткер»: Жәлел Қизатов туралы жаңа кітаптың таныстырылымы өтті
Бүгін облыстық кітапханада Кеңес Одағының Батыры, еңбек ардагері, қоғам қайраткері әрі қаламгер Жәлел Қизатұлы Қизатовқа арналған «Батыр. Қаламгер. Қайраткер» атты кітаптың таныстырылымы өтті. Жаңа басылымда майдан даласында ерлік көрсетіп, бейбіт өмірде ел дамуына елеулі үлес қосқан тұлғаның тағдыры мен тағылымды жолы арқау болған. Батырдың қайсарлығы мен қаламгерлік қыры тоғысқан бұл еңбек – тарихи тұлғаның өнегелі өмірін жаңғыртып, рухани мұрасын дәріптейтін құнды туынды.
Кітаптың тұсаукесеріне өңірдің зиялы қауым өкілдері, студенттер, оқушылар мен ұстаздар қатысты. Кездесу барысында Жәлел Қизатовтың ел тарихындағы орны, майдандағы ерлігі мен ел игілігі жолындағы еңбегі сөз болды. Сондай-ақ оның әдеби шығармашылығы мен қоғам өміріне белсене араласқан кезеңдері кеңінен қозғалды.
КЕМЕЛ ОСПАНОВ, “ҚОҒАМДЫҚ КЕЛІСІМ” КММ БАСШЫСЫ
Жәлел Қизатовтың есімі Қызылорда облысының әлеуметтік-экономикалық дамуымен тығыз байланысты. Ол өңірде астық сақтау және өңдеу саласының өркендеуіне үлес қосып, Қызылорда астық өнімдері комбинаты мен Жалағаш, Шиелі элеваторларының құрылысына атсалысты. Еңбегі ел жадында қалған қайраткер 1995 жылы Қызылорда қаласының Құрметті азаматы атанды.
ӨМІР ЕСҚАЛИ, ҚР ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ
Есіл ауданының тумасы Жәлел Қизатовтың өмір жолы мен елге сіңірген еңбегі «Батыр. Қаламгер. Қайраткер» атты кітапта кеңінен көрініс тапқан. Жаңа басылым – даңқты жерлесіміздің ерлігі мен рухани мұрасын кейінгі ұрпаққа танытатын құнды еңбек.