Негізгі Жаңалықтар Батырларға арналған көрме

Батырларға арналған көрме

Қазақстанның бай тарихы мен ұлттық құндылықтары өнер туындылары арқылы өрнектеледі. Петропавлда Республика күніне орай «Олар — біздің батырларымыз» атты көшпелі көркемсурет көрмесі ашылды. Экспозицияда ел тарихы мен қаһарман тұлғалардың бейнесі суретшілердің туындылары арқылы көрініс тапқан.

Ұлттық киімдер, дәстүрлі ою-өрнектер, ұлан-ғайыр дала мен туған жердің көркем келбеті. Әр туынды — Қазақстанның өткені мен бүгінін сабақтастыратын жеке бір тарих. Көрме келушілерді ұлттық мәдениеттің бай мұрасымен таныстырып, салт-дәстүрді сақтаудың маңызын ұғындырады. Шығармалардың барлығына ортақ идея — ел мақтан тұтатын батырлар бейнесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу.

ИННА ЕРМАКОВА, СУРЕТШІ 

Көрмедегі туындылар ұлттық ою-өрнектерімен, дәстүрлі киім элементтерімен және бейнелердің нақтылығымен ерекшеленеді. Суретші бояулар мен композиция арқылы қазақ мәдениетінің өзіндік болмысын, ұрпақтар сабақтастығын көрерменге жеткізеді. Көшпелі көрме еліміздің әр қаласының тұрғындарына ұлттық өнер туындыларымен танысуға мүмкіндік береді. Ал келушілер үшін бұл — төл мәдениетімізді тереңірек танып, дәстүрдің заманауи өнердегі көрінісін тамашалауға жол ашатын мүмкіндік.

Көрменің ашылуы елдің мемлекеттілігін, бірлігі мен болашаққа деген ұмтылысын айшықтайтын Қазақстан Республикасының күніне орайластырылған. Бұл ретте өнер туындылары туған жерге деген сүйіспеншілік пен тарихи мұраға құрметті жеткізудің өзіндік тәсіліне айналады. Мұндай жобалар ұлттық дәстүрге деген қызығушылықты арттырып, жастарды ел мәдениетімен таныстыруға және отансүйгіштік құндылықтарды дәріптеуге мүмкіндік береді. Өйткені өз тарихын құрметтеу — ұлттың өзіндік болмысын танудан басталады.

Бөлісу