Тарих таспасы жаңғырды: «Горькая линия» фильмі сандық жүйеге көшірілді
Өткен күннің өшпес мұрасы заманауи технологияның көмегімен қайта жаңғырды. Осыдан тура 59 жыл бұрын, яғни 1967 жылы облыстық телеарна түсірген танымал жазушы Иван Шуховтың «Горькая линия» романы желісіндегі шағын фильм сандық форматқа көшірілді. Облыстық мұрағат қызметкерлерінің қажырлы еңбегімен қайта өңделген бұл бірегей туынды жазушының 120 жылдық мерейтойына орай Жамбыл ауданының орталығында өткен салтанатты кеште жергілікті халыққа көрсетілді. Ерекшелігі сол, бұл фильмде кәсіби актерлер емес, сол кездегі Преснов халық театрының өкілдері ойнаған.
Салтанатты жиын басталмас бұрын, облыс орталығынан арнайы келген облыстық мұражай қызметкерлері жазушының Пресновкадағы мұражай-үйін аралады. Иван Шуховтың соңында қалған құнды жәдігерлерімен, тұтынған заттарымен жақыннан танысып, ауылдық мұражайдың бүгінгі тыныс-тіршілігіне жоғары баға берді. Ал жазушының 120 жылдығына арналған негізгі іс-шара аудан орталығындағы Қожаберген жырау атындағы білім ордасында өтті.
Экрандағы мына ақ-қара кадрлар - жарты ғасырдан астам уақыт бойы облыстық архивте сақталған мұра. Жазушы Иван Шуховтың «Горькая линия» романы желісімен түсірілген бұл туындының басты құндылығы — ондағы кейіпкерлерді сол кездегі Пресновка жергілікті халық театрының өнерпаздары сомдаған.
Жаңарған туынды жазушының мерейтойлық кешінде аудан жұртшылығына тарту етілді. Көрермен өздерінің ата-бабалары мен ауылдастары ойнаған тарихи киноны үлкен тебіреніспен тамашалады.
Индира Ибраева - Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві директорының орынбасары
Бұл фильмнің жарыққа шығуына және мұражайдың іргетасының қалануына сол кездегі Преснов халық театрының режиссері Василий Дробышев ұйытқы болып, туынды Иван Шуховтың кіндік қаны тамған жерінде түсірілген. Фильмнің мына мезеті тіпті оның үйінде түсірілген.
Кадрдағы мына кейіпкер, режиссер Дробышевтың қызы. Әкесінің осы туынды үшін қалай тер төккені күні бүгінге дейін есінде.
Татьяна Брезе - Василий Дробышевтің қызы
Жарты ғасыр бұрынғы тарих пен бүгінгі технология тоғысып, ұлы жазушы мен оның режиссерінің есімін тағы бір мәрте асқақтатты. Алдағы уақытта тарихи кино туынды мұражайға келушілер мен жас ұрпақ үшін тұрақты түрде көрсетіліп тұрады.