Интернет арқылы тауар алған Петропавл тұрғыны алматылық кәсіпкермен соттасып, жеңіп шықты. Оған 250 мың теңгеге сатып алған Samsung маркалы теледидарының экраны жарылып келген. Кәсіпкер тауардың ақшасын қайтарып беруге немесе теледидарды ауыстыруға бас тартқан. Жүк тасымалдаушы компания да ақауға жауапты еместігін мәлімдеген. Қала тұрғыны сотқа жүгінді.

Сот барысында сатушы теледидардың жарамдылығын жөнелткенге дейін тексергенін және тауардың зақымдалмағанын дәлелдеуге тырысты. Сонымен қатар, тасымалдаушы ұйым тауарды тек қана жеткізумен айналысатынын айтып, оның қаптамасында зақым болмағанын растады. Дегенмен, сот талапкердің талабын ішінара қанағаттандырды. Сатып алу-сату шарты бұзылып, сатушыдан теледидардың құны – 250 мың теңге, тұрақсыздық айыбы – 227 500 теңге және моралдық зиян үшін 50 мың теңге өндірілді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерден жергілікті бюджетке 8 467 теңге мемлекеттік баж өндіру туралы шешім шығарылды.