Петропавлдағы спорт сарайында жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан облыстық чемпионат басталды. Қыздар мен ұлдар арасында өтіп жатқан сайысқа 6 аудан мен қала мектептерінен жалпы 100-ден аса жас спортшы қатысып жатыр.
Бүгінгі жарыс жүгіру, ұзындыққа секіру, ядро итеру сынды бағдарламалардан тұрады. Чемпионат облыстың аудандарынан қатысып отырған спортшыларды біріктіріп, жеңіл атлетика спортын одан әрі дамытуды мақсат етіп отыр.
АЛЕКСАНДР ОКОВАНЦЕВ, БАС ТӨРЕШІ:
- 2008-2009 жылғы ұл қыздар арасында облыс чемпионаты өтіп жатыр. Бұл жарыс жыл сайын өткізіледі. Республикалық чемпионатқа іріктеу деп айтсақта болады. Жас спортшылар қатысып жатыр. Жарыс барысында қатысушылардың дайындықтарын қарап, ең үздік дегендерін таңдап аламыз. Жалпы облыстың жеңіл атлеттері қазір барлық сайыстарда топ жарып жүр.
Уалиханов ауданынан 12 жасөспірім келген. Солардың бірі Алмаз Аблаев.Ол облыстық чемпионатқа бірінші рет қатысып жатыр. Жас спортшы спорттық сайысқа 2 ай уақыт дайындалған. Сондықтан бүгін тек жеңістен үмітті.
АЛМАЗ АБЛАЕВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ:
- Мен осы жүгіру сайысынан 3-ші болып келдім. Сағат 5-те эстафетаға қатысамын. Мен осы сайысқа тек бірінші орын алуға келген болатынмын. Мен осы облыстық жарысқа бірінші рет қатысып жатырмын. 2 айдай дайындалдым. Мені Бауыржан Қапаш есімді тренерім дайындады. Мен алдағы уақытта осы спортты ары қарай жалғастырғым келеді.
Жеңімпаз командаға кубок пен жүлдегерлерге медаль -дипломдар табысталады. Сондай-ақ, үздік спортшылар ақпанда өтетін республикалық чемпионатқа қатысады.