Өңірде біреуге банк шотын ашып берген тұрғын енді 3 млн теңге төлеуі тиіс. Есіл аудандық сотына С. есімді талапкер арызданып, А. есімді жауапкерден 3 млн теңгені өндіріп алу бойынша жүгінді. Әйел қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу барысында «Евразийский Банк» АҚ банк шотынан ақшаның жауапкердің банктік шотына аударылғаны анықталғанын айтты. Алайда А. ақшаны өз еркімен қайтарудан бас тартқан.
Жауапкер талап арызды мойындамады. Айтуынша, Еуразиялық банкте оның банктік шоты болмаған және шот ашпаған. Банктік шоттарының бары туралы оған полиция қызметкері хабарлаған және осы банктік шоттар арқылы 30 млн теңге сомасы өткендігін білген. Сондай-ақ әйел оның атына шоттарды қызының ашқандығын айтып, бұл қызмет үшін белгісіз біреулердің қызына 5 мың теңге сомасында сыйақы бергендігін түсіндірді. Арызданушының ақшасын ол пайдаланбаған, өйткені ақша шотқа түскеннен кейін белгісіз біреулер оны дереу басқа шотқа аударған. Сот Азаматтық Кодекстің 953 бабын негізге алды. Яғни жауап беруші А. талапкердің ақшасын алып, олардың қайдан түскендігін анықтамаған, өз қалауы бойынша әрекет еткен. Сот екі тарапты тыңдап, ұсынылған жазбаша айғақтарды зерттеп, А.-ны ақшаны қайтаруға міндеттеді.