Өткен жылы облыс аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 84 қылмыс тіркелді. Өңірде «Тұрмыс» жедел профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Рейд барысында полицейлер ішкі істер органдарында есепте тұрғандарды тұрғылықты жерлері бойынша тексеріп, қылмыс жасауға бейімдерін анықтап жатыр.

Мұндай қылмыстардың алдын алу – 20 қаңтарда басталған «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы міндеттерінің ішіндегі ең маңыздысы.

Тәртіп сақшылары бұрын тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылған адамдарды мекенжайларына барып тексереді. Зорлық-зомбылық белгілері бар отбасыларға, балаларға көмек көрсету үшін құрылған мобильдік топтардың жұмысына ерекше назар аударылады.

Айнагүл Сауытбекова – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

- «Тұрмыс» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі міндеттері – масаң күйде отбасы қатынасы саласында жасалатын қылмыстардың алдын алу, сондай-ақ ішкі істер органдарында есепте тұрған азаматтарды тұрғылықты жерлері бойынша тексеру, қылмыс жасауға бейім тұлғаларды анықтау.

Рейд барысында полицейлер жадынамалар таратып, байланыс нөмірлерін қалдырып, заңнамадағы өзгерістерді түсіндіреді.

Өткен жылы облыста отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында барлығы 2362 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді. Олар бойынша 563 адам әкімшілік қамаққа алынып, 291 адамға ескеру берілді, 15 адамға айыппұл салынды.