Облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысы өтіп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды және биылғы жылға арналған жоспар таныстырылды. Өткен жыл су тасқынына байланысты өңір үшін ауыр болғанымен, экономиканың қалыпты өсу қарқыны сақталды. 

Былтырғы су тасқыны мен оның зардаптарын жою облыс экономикасына әсер етпей қоймады. Алайда, негізгі салалар жыл аяғында үздік нәтиже көрсетті.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Экономикалық өсім былтыр 120 пайызды құрап, республика өңірлері арасында бірінші орынға шықтық. Бұл облыстағы кейінгі жылдардағы үздік нәтижелердің бірі.2023 жылмен салыстырғанда экономиканың өсу қарқыны 22,2 пайызға артты. Бұл барлық көрсеткіштердің салалар бойынша да, аудандар мен қалалар бойынша да өсу серпіні бар екенін көрсетеді.

2024 жылдың қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы саласы – 136%, өнеркәсіп – 103%, құрылыс – 131%, тұрғын үйді пайдалануға беру – 108%, инвестиция – 124%, сауда – 109%, көлік және қойма шаруашылығы – 124%, ақпарат және байланыс – 165,5% өсті. Облыста биыл 4,4 млн га алқапқа дән егу жоспарланған. 760 мың га – майлы дақыл себілмек, бұл былтырғыдан шамамен 86 мың га артық. Картоп алқабы да ұлғаяды.

МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ СҚО ӘКІМІНІҢ БІРІНШІ ОРЫНБАСАРЫ:

- Былтыр жақсы өнім алынды, алайда бидай мен арпа бағасы түсіп кетті, былтыр 60 мың теңге болса, биыл 50 мың теңгеден сатып алынып жатыр. Ал майлы дақылдар бағасы керісінше шамамен 10 % өскен, тоннасы 190-200 мың теңге тұрады. Мұның бәрі ескеріліп, майлы дақылдар алқабы ұлғайтылуы тиіс. Бұл шаруашылықтардың кірісін екі есе арттырады. Алайда өнімді сату, дақылдың әр келкі пісуіне байланысты техниканы тиімді қолдану және жергілікті зауыттарды шикізатпен қамту мәселесін шешу қажет.

Өткен жылы өндірілген өнім көлемі 3,6%-ға өсіммен 705,2 млрд теңгені құраған.

РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ СҚО ӘКIМIНIҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Биыл 96 млрд теңге болатын 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Нәтижесінде 1295 жаңа жұмыс орны ашылады. Оның ішінде негізгісі - «Еуразия сүті» қоюландырылған сүт өндірісі. Жобаның құны шамамен 15 миллиард теңге. Ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда «Қазақстан Бидайы» серіктестігі 3,5 млрд теңгеге жарма және үлпек шығаратын зауытты іске қоспақ. Тағы бір жаңа жоба - саңырауқұлақ шаруашылығы мен компост зауыты болмақ, онда 1200 тоннаға дейін өнім өсіру және өңдеу жоспарланған.

Бүгінде облыста 11 мың студент оқитын 24 колледж жұмыс істейді. 24 колледждің 13-і кәсіптік мамандықтар бойынша білім береді, мұнда 3 мыңнан астам студентті оқиды.

ЖҮСІП ЖҰМАҒҰЛОВ СҚО ӘКIМIНIҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Зерттеу жұмыстарына сәйкес, жұмысшы мамандарға қажеттілік облыс бойынша 2095 адамды құрайды. Олардың арасында тракторшылар мен ауылшаруашылық машиналарының машинистеріне, әртүрлі профильдегі электриктерге, дәнекерлеушілерге, сантехниктерге сұраныс жоғары. Биылғы жылы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарында мемлекет есебінен жұмысшы мамандықтар бойынша студенттер санын 39-дан 45%-ға дейін арттыру жоспарланған.

Жалпы 2024 жыл оң нәтижемен аяқталды. Осы жылға міндеттелген жоспар бойынша өңір экономика салаларының даму қарқынын арттырып, 2025 жылдың соңына дейін жалпы өңірлік өсімді 106,5% қамтамасыз етуі тиіс.

ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ СҚО ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Жаңа жұмыс орындарын құру, жұмыссыздықты және атаулы әлеуметтік көмек алушылардың үлесін азайту жөніндегі жұмысты жалғастыру. Нормативтік жағдайда жолдардың үлесін 95%-ға дейін жеткізу.Ауыл тұрғындарының ауыз суға қолжетімділігін 100% - ға дейін болуын қамтамасыз ету, электрмен және жылумен жабдықтау желілерінің тозуын азайту.

2025 жылы өңірде инвестжобаларды жүзеге асыру жалғасады. Петропавлда 10 мың тонна өнім шығаратын құс фабрикасы ның құрылысы қолға алынбақ. «Зенченко и К» компаниясы 8 мың бас малға арналған мега-ферма салуды жоспарлаған.