«QYZYLJAR» телеарнасының құрылғанына биыл 65 жыл. Осы жылдар ішінде телеарна өз ісіне берілген кәсіби мамандардың арқасында қалың көпшіліктің сеніміне ие болды. Бұқаралық ақпарат құралы көрермендерге шынайы ақпарат пен сапалы бағдарламалар ұсынып келеді.

Телеарнаның 65 жылдығы – бұл тек тарихи кезеңді атап өту ғана емес, оның дамуының әрбір сатысына көз жүгіртіп, болашаққа нық сеніммен қарау. Осы жылдар ішінде телеарна көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Соның бастысы – көрермендерінің сенімі мен қолдауы болып қала бермек. Баян Қалиева телеарнада 2002 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Бірнеше жыл көгілдір экранда көрермендермен қауышып, күнделікті өңір жаңалықтарынан хабардар етті. Дикторлықтан бастаған Баян Дулатқызы қазір телеарна директорының орынбасары қызметін атқарады.

БАЯН ҚАЛИЕВА, «QYZYLJAR» ТЕЛЕАРНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Телевидение дегенде алдымызға үлкен ньюсрум елестейтін. Солай деп келгенмін ғой. Келсем, журналистер отыратын кабинетте екі шетте 2 машинка тұр. Оның біреуінде Нұрсайын Шәріп ағамыз текст басып отыр екен. Компьютерлер біртіндеп пайда бола бастады. Сол кезде біз журналистер съемкадан кейін келіп, сол компьютерге кезекке тұратынбыз текстті теру үшін. Бірақ көп тексттер сол машинкамен теріліп жүрді.

Қазіргі кезде телеарна жаңа технологиялар және интернеттің көмегімен халықпен тығыз байланыс орнататын алаңға айналды. Бүгін де арна өнімін ғаламтордан, әлеуметтік желілер арқылы да көруге болады.

БАЯН ҚАЛИЕВА, «QYZYLJAR» ТЕЛЕАРНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Осы телеарнада еңбек еткеніме 20 жылдан асты. 20 жылдың ішінде көп нәрсе өзгерді. Биыл біздің телеарнаға 65 жыл толғалы отыр. Осы алған бағытымыздан таймай, алдағы уақытта да біз дамудың даңғыл жолымен жүріп өтеміз деп есептеймін.

65 жыл — телеарнаның бастамасы ғана. Алда жаңа белестер, тың жобалар және үлкен жетістіктер күтіп тұр. Біздің телеарна алдағы уақытта да халықтың сүйікті арнасы болатынына сенімдіміз.