Петропавлда "Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні" өтті. Оның аясында облыс тұрғындары өңір басшысына, орынбасарлары мен мемлекеттік органдардың басшыларына тікелей жүгінді.


Қарағанды қаласының медицина университетінде білім алып жүрген Петропавл тұрғыны Қайсар Байханов Ғауез Нұрмұхамбетовтен жоғарғы оқу орнында білім алу ақысы бойынша көмек сұрай келіпті.


КАЙСАР БАЙХАНОВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

- Сізден маған оқу грантын бөлуді сұраймын. Қазір мен Қарағанды қаласының медицина университетінің студентімін. 2-курста оқимын.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 

- Жыл сайын конкурс өтеді. Оны тек бір жоғарғы оқу орны ғана жеңіп ала алады. Биыл білім гранты Астана қаласының университетіне бұйырды. Біз тек осы қалаға гранттар бөле аламыз. Мүмкін келесі жылы бұл мәселе қаралып, Қарағанды жеңіп алса, онда шешім де табылар еді.


Негізінен тұрғындарды тұрғын үй, абаттандыру, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мәселелері толғандырады. Галина Солоницына "Первенец" бау-бақша қоғамының өкілі. Су тасқыны кезінде электр бағаналары бұзылып, әлі күнге дейін көптеген үйлер қуатсыз қалып отыр. Оған қоса үйлер қала әкімдігінің балансына кірмейді екен.


ГАЛИНА СОЛОНИЦЫНА, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Электр желілерінің - Ұзындығы 1250 метр. Оның 450-ін өз күшімізбен қалпына келтірдік. Бірақ біз электр бағаналарын қоюға шама шарқымыз жетпейді. Барлығы толығымен қираған.


 ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Үйлер қала әкімдігінің балансына кіргенде ғана электр желілерінің жөндеуімен айналыса аламыз. Бұл өте ұзақ әрі күрделі жұмыс. "Солтүстік Қазақстан электр желісін тарату компаниясы" Акционерлік Қоғамында желілерді жөндеу жөнінде келісімшарт бар. Егер тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығынан сұраныс келіп түссе, барлық істі ертерек қолға ала аламыз.


Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күніне Қызылжар ауданының тұрғыны да келді. Ер адам Новокаменкадан облыс орталығына қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығына қынжылады.


ВАЛЕРИЙ БЕЛОДЕД, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: 

- Адамдарға оқуға, жұмысқа бару керек, біз жолда кездесетін көлікпен немесе такси арқылы жетеміз. Кем дегенде Бескөлге дейін қоғамдық көлік жүргенде, ары қарай жету оңайырақ болатын еді.


Мұндай форматтағы кездесу халықпен кері байланыс жасаудың тиімді тетігі. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға жауап алады.