Петропавлда М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенттеріне арналған жаңа жатақхана ашылды. Бұл нысанның құрылысы 2022 жылы басталған болатын. Студенттер үйі 1200 орынға шақталған. Республика бойынша ең үлкен жатақхана болып табылады. Жалпы ауданы 27 мың шаршы метр.


Университеттке салынған жаңа жатақхананың ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов және ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Перепечина қатысты. Салтанатты іс-шара облыс әкімінің құттықтау сөзінен басталды.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ:

- Құрметті студенттер мен сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Бүгін міне жаңа жатақхана ашылып жатыр. Сіздерге ең алдымен денсаулық тілеймін. Қазір жастарға бар жағдай жасалуда. Осы жақында ғана Театральная көшесінде орналасқан 4 қабатты жатақхана ашылған болатын. Ол жерде де студенттер мен оқытушылар үшін барлық жағдай жасалған. Сондықтан оқуда озат болып, Қазақстанның дамуына зор үлес қосасыздар деген сенімдемін.


Жергілікті ЖОО мен Аризона университеті арасындығы серіктестік 2022 жылы басталған болатын. Бүгінде қосдипломдық бағдарлама бойынша 1000-нан астам студент білім алып жатыр. Солардың бірі – Айдана Омарова. Ол Астана қаласынан Петропавлға оқуға түскен. Айдана алдымен бас қаламыздағы Назарбаев университетіне білім грантын жеңіп алған. Алайда, бойжеткеннің таңдауы СҚУ-ға түскен.


АЙДАНА ОМАРОВА, СТУДЕНТ:

- Менің басқа да жоғары университеттерге түсетін мүмкіндігім болды. Бірақ мен осы оқу орнындағы қосдипломдық бағдарламаны таңдадым.Себебі бұл жерде білім деңгейі өте жоғары. Қазір биотехнолог мамандығында 1 курста оқимын. Таңдауыма өкінбеймін. Отбасым мен достарыма жақынмын. Және де алдағы уақытта шет елдің оқу орындарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндігім бар.


Жаңа жатақхана заманауи талаптарға сай жабдықталған. Жалпы аумағы 27 мың шаршы метрді құрайды. Тіпті жаңа студенттер үйінде тренажер залдары да орналасқан.


ЕРБОЛ ИСАҚАЕВ, М. ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН УНИВЕРСИТЕТІНІҢ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ-РЕКТОР:

-Біздің университетте 4 жатақхана бар. Олар 1365 орынға шақталған. Ал бүгінгі мына жаңа ашылып жатқан жатақханамен бізде тағы да 1200 орын пайда болды. Енді осының арқасында біз өзіміздің және басқа жақтан келген студенттердің жақсы жағдайда оқуына мүмкіндік бере аламыз. Бүгін міне ашылу салтанаты өтті. Енді барлық құжаттарды реттеп, жақын арада студенттерді жатақханаға орналастырамыз.


Қазіргі таңда ЖОО-да барлығы 6 мыңға жуық студент білім алып жатыр. Алдағы 3 жылдың ішінде білім алушылардың санын 9 мыңға дейін көбейуту жоспарланған.