Облыс орталығында кезекті әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Коррекциялық мектеп-интернат 300 балаға шақталған. Заман талабына сай жарақталған мекеме «Береке» ықшам ауданында орналасқан.


Қос қабатты білім ұясы заманауи үлгіде салынған. Кең әрі жарық. Мектеп арнайы оқытуды қажет ететін балалардың психофизикалық кемшілігін түзетіп, сауаттылығын арттырып, еңбекке баулу және қоғамдық өмірге бейімделуге көмектеседі.


РИЗАБЕК КӘКПЕНОВ, ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ЕҢБЕК АРДАГЕРІ:

- Өте қуаныштымыз. Ұстаздар мен ата-аналардың да қуанышында шек жоқ. Жағдай өте жақсы жасалған. Бұрынғысында мұндай болмаған еді.


Мектеп-интернатында омарташылық, кәсіби еңбекке баулу, гүл өсіру және көгалдандыру сияқты кабинеттер бар.


- Бұл бөлмеде шамамен 26-ға жуық өсімдік бар. Оқушылар оларға күтім де жасайды. Сондай-ақ, кабинеттің қабырғасында балалардың әртүрлі әдістерді қолдана отырып қағаздан жасаған гүл іспеттес туындылары ілініп тұр.


Кәсіби еңбекке баулу бөлмесі түрлі жабдықпен қамтылған. Ұлттық құндылық та ұмыт қалмапты. Ішінде түрлі аспап бейнесіндегі қолөнер туындылары қойылған. Кейін облыс әкімі спорт залына кіріп, балалардың жеткен жетістігімен танысты.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

- Ең бастысы керек құрал-жабдықтардың барлығы бар. Балаларға денсаулық тілеймін. Жеңісті күндері көп, алар асулары мол болсын.


Асхана да кең әрі жарық. Қажетті құралдармен жабдықталған. Кейін аймақ басшысы нысанның 2-ші қабатында орналасқан, 50 оқушыға арналған интернаттың ішін аралады. Бір бөлме 4 балаға шақталған. Ұл-қыздар сабақтан тыс уақытта ойын ойнап, демала алады.


№2 арнайы мектеп-интернатына облысымыздың түкпір-түкпірінен келетін оқушылар бар. Сондықтан нысанды аралау барысында Ғауез Нұрмұхамбетов балалардың ары-бері қатынауы үшін көлік сыйлады.


ЕВГЕНИЯ БОЙКО, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

- Мен ерекше баланың анасымын. Балам 7-сыныпта оқиды. Осы сәтте ел басшысына біздің ерекше күтімді қажет ететін балаларымызды назарсыз қалдырмағаны үшін шын жүректен алғысымды білдіремін. Мұнда балғындар үшін барлық жағдай жасалған.


Жалпы, жаңа нысанда оқу 2-ші тоқсанда басталады. Мұнда 72 педагог және 20 тәрбиеші жұмыс істейді.