Петропавлда Республика күніне орай құрылысы 8 ай жүргізілген, әлемдік стандарттарға сай жасалған жаңа үстел теннисі орталығы ашылды. Елімізде дәл осындай 9 орталық бар. Салтанатты іс-шараға СҚО-ның әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Парламент Сенаты, туризм және спорт министрлігінің өкілдері қатысты. Әріптесім тарқатсын.


Спортшылар үшін бұл көптен күткен маңызды сәттердің бірі десе де болады. Жаңа ашылған ғимараттың аумағы шамамен 3200 шаршы метр. Іші заманауи талаптарға сай. 24 теннис үстелі қойылған. Жаңа спорт нысанының құрылысы небәрі сегіз айда аяқталған. Жоба құны 3,5 млрд теңгені құрайды. Іс-шараға келген өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов өз тілегін білдірді.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ:

- Құрметті қала тұрғындары мен қонақтары, Республика күні қарсаңында біз бүгін үстел теннисі орталығын ашып отырмыз. Барлық әлемдік стандарттарға сай келетін бұл орталық СҚО-дағы үстел теннисін дамытуға үлкен серпін береді деген сенімдемін.


Жаңа спорт нысанының ашылу салтанатына орай Ғауез Нұрмұхамбетов орталыққа жаңа автокөлік сыйға тартты. Сондай-ақ, солтүстікқазақстандықтарды Парламент Сенатының депутаты Ольга Перепечина, спорт және дене шынықтыру комитеті төрағасының орынбасары Азамат Имашев құттықтады. Кейін жаңа ғимаратта үстел теннисінен облыс чемпионаты басталды.


ИРИНА ПЮРКО, ҮСТЕЛ ТЕННИСІ БОЙЫНША БЖСМ БАСШЫСЫ:

- Бүгінгі спорттық жарысқа 2010-2012 жылдары туған және одан кіші балалар қатысып жатыр. Балалар әртүрлі аудандардан келіп отыр. Олар үшін осындай үлкен орталықта ең бірінші болып жарысқа қатысу зор бақыт деп ойлаймын. Әсіресе осындай жаңа нысанның ашылуына қатысып жатыр. Бүгін трибуналар толы. Бұл шынымен де үстел теннисінен жарысқа қатысатын балалар үшін үлкен мереке.


Нысанды аралау барысында облыс әкімі жас спортшылармен теннис ойнады.


Айта кеткен жөн, 13 жасар Қанат Бәсенов ерлер арасындағы үстел теннисінен облыстың абсолютті чемпионы. Ол бұл спорт түрімен бірінші сыныптан бастап шұғылданады. Болашаққа қойған мақсаттары да көп.


ҚАНАТ БӘСЕНОВ, «БАРС» БАЛАЛАР МЕН ЖАСӨСПІРІМДЕР СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ТӘРБИЕЛЕНУШІСІ:

- Мен 20-шы ықшамауданында тұрамын. Енді жақын маңайдан осындай орталықтың ашылғанына шексіз қуаныштымын. Енді бізде үстел теннисінің үлкен мектебі бар. Кірген бойда барлығы қатты ұнады. Енді мұнда күнде келіп, жаттығуға тырысамын.


Орталық базасында қазір үстел теннисінен спорт мектебі жұмыс істейді. Тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен бүкіл облыстан 500-ден астам бала кәсіби ойын деңгейін көтереді. ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Бондаренко жаңа нысан жөнінде өз ойын білдірді.


ВИКТОР БОНДАРЕНКО, СПОРТ АРДАГЕРІ:

- Жас кезімізде бізге дәл мұндай жағдай жасалмайтын. Мұнда барлығы жастар үшін жасалған. Барлығы керемет. Бүгін біз Президент Жолдауындағы мақсат-міндеттердің жүзеге асып жатқанын көріп отырмыз. Спорт әр балаға қол жетімді болуы керек.


Сондай-ақ, орталықта спорт залы, душ, киім ауыстыратын бөлмелер, дәмхана және көрермендерге арналған балкон бар.