Жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны аяқталуға жақын. Оқушылардың күзгі демалысы қарсаңында полицейлер профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, мектептер мен колледждердегі ата-аналар жиналыстарына қатысып жатыр.


Тәртіп сақшылары Борки кентіндегі Солтүстік Қазақстан жоғары кәсіптік-педагогикалық колледжінде ата-аналар жиналысына қатысты. Кездесуде жасөспірімдердің түнде жүруіне, олардың ішімдік ішуіне жол бермеу, есірткі сату арқылы оңай ақша табуға баратындарға көзделген қылмыстық жауапкершілік жайында түсіндірді.


Полицейлер ата-аналарға заңнамадағы өзгерістерді айтып түсіндіру өте маңызды деп санайды. Заңнамаға сәйкес, кез келген дене жарақаты мен ұрып-соғу кезінде денсаулыққа зиян келтірілмесе де, енді бұл әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатындығын да еске салды. Сондай-ақ қызметкерлер ата-аналарға интернет-алаяқтықтың кең тараған түрлері туралы айтып берді.


Жол қауіпсіздігі тақырыбы да қозғалды. Жыл басынан облыста кәмелетке толмағандардың қатысуымен 92 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 30 жағдайда олар жаяу жүргіншілер тарапынан болған. Тәртіп сақшылары жолдың тек рұқсат етілген жерлерінен өтуге, көшеден өтерде телефон мен құлаққапты пайдаланбауға ескертеді. Ақпараттық жұмыс ұдайы жүргізіліп тұрады.