Петропавл қаласының «Бірлік» шағын ауданында жаңа балабақша қолданысқа берілді. Мекеменің салтанатты ашылуына Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қатысты. Нысан қанша балаға шақталған? Мектепке дейінгі ұйымда қандай жағдай жасалған? Әріптесім біліп қайтты.


Тасқыннан зардап шеккен отбасылардың тағы бір арманы орындалды. Жаңадан салынған Бірлік шағын ауданындағы балабақша өз есігін айқара ашты. Кең, жарық, заман талабына сай мекеменің ашылу салтанатына аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов келіп, ізгі тілегін білдірді.


ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, СҚО ӘКІМІ:

- Қадірменді ата-аналар, ұстаздар баршаларыңызды бүгінгі осындай қуанышты күнмен, осындай жаңа балабақшаның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Өздеріңіз білетіндей, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың өз жолдауында білім беру саласын барлық деңгейде арттыру міндетін қояды.


36 жастағы Маргарита Раевская су апатына дейін Қызылжар ауданында тұрған. Тасқыннан кейін көп күттірмей әйел жанұясымен бірге Бірлік шағын ауданына көшеді. Сөзінше, үйдің сапасы жақсы, бар жағдай да жасалып жатыр. Ал бүгінде 3 жасар қызын жаңа балабақшаға орналастыруға мүмкіндік туғанын айтады. Енді Маргарита бала күтімі бойынша демалысын аяқтап, жұмысқа шықпақ ниетте.


МАРГАРИТА РАЕВСКАЯ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Біз тамыз айында жаңа үйге көшіп келдік. Құрылысқа қатысқан әрбір адамға алғысым шексіз. Бүгін жаңа балабақша ашылып жатыр. Бұған дейін балабақшаға мүлде бармағанбыз, енді қызым сабақ оқып, басқа балақайлармен танысады. Өте қуаныштымыз.


«Бірлік» балабақшасы 90 орынға шақталған. Мұнда жас айырмашылығына қарай 4 түрлі топ ашылмақ. Ал оқу қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Айта кетейік, жаңа нысан демеушілердің қаражатына салынған. Мекемедегі қауіпсіздік ережелері барлық талапқа сай.


АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

- Бейнебақылау, өрт қауіпсіздігіне байланысты барлық жағдайлар жасалып жатыр. Балабақшаның ішкі құрылысы барлық жабдықтармен қамтылған. Оқу-әдістемелік құралдармен де қамтылып отыр. Бүгінгі күні кадрлық құрамы да толық қабылданып, осы Бірлік шағын ауданындағы кішкентай балаларымызды қабылдауға дайындалып жатырмыз.


Ашылу салтанатынан кейін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ольга Перепечинамен бірге балабақшамен танысып қайтты. Еске сала кетейік, Бірлік шағын ауданында тасқыннан зардап шеккен отбасыларға 700 үй тұрғызылды. Бұдан бөлек, мұнда мектептің де құрылысы жүруде. Осылайша, кезең-кезеңмен бұл аумақ қаланың дамыған аудандарының біріне айналмақ.