5-14 қазан аралығында Қазақстан ұлттық құрама командасы кикбоксингтен ересектер арасындағы Азия чемпионатында өнер көрсетті. Бұл чемпионат Камбоджада өткен болатын. Байрақты бәсекеде 22 елден 400-ден астам спортшы бақ сынады. Нәтижиесінде ұлттық құраманың қоржынында 20 алтын, 11 күміс және 7 қола медаль бар. Бүгін осы чемпионаттың жүлдегерлері солтүстік қазақстандық Нұрсұлтан Жақыпов , Данияр Жарасов және Аслан Асылбеков елге оралды. Спортшыларды теміржол вокзалынан туған-туыстары жақындары және достары күтіп алды.


Солтүстікқазақстандық Нұрсұлтан Жақыпов Азияның екі дүркін чемпионы атанды. Ал Данияр Жарасов пен Аслан Асылбеков ел қоржынына екі күміс салды.


ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫ:

- Нұрсұлтан Жақыповпен бірге 2012 жылдан бері бірге жұмыс істеп келеміз. Бұған дейін ол Виктор Славныйдың тәлімгері болып, Булаево қаласында жаттыққан болатын. Қазір міне 12 жыл бойы мен бапкерімін. Осы уақыт аралығында ол халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативін орындады. 2014 жылы Венгрияда әлем кубогының чемпионы болды. Нұрсұлтан сияқты спортшының бапкері болғаным мен үшін де жеңіс.


Нұрсұлтан Жақыпов Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті аппаратының қызметкері. Ол қатарынан екінші рет кикбоксингтен Азия чемпионатында бірінші орынды иеленді. Полиция аға лейтенанты 86 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды.


НҰРСҰЛТАН ЖАҚЫПОВ-АЗИЯНЫҢ ЕКІ ДҮРКІН ЧЕМПИОНЫ:

- Азия чемпионатында үш жекпе-жек өткіздім. Финалда Ирак спортшысымен рингке шықтым.Бәрі ойдағыдай өтіп мен уақытынан бұрын жеңіске жеттім. Бас бапкерім Нұржауыпов Әділ Жұмабекұлына алғысымды білдіремін. Қарсыластардың барлығы өте мықты болды.Бірақ мен жеңіс үшін соңына дейін тырыстым. Және міне соңында азияның екі дүркін чемпионы атандым.


Ал Аслан Асылбеков бұл чемпионатта 57 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Азия чемпионатында Солтүстік Қазақстандық спортшы үш жекпе-жек өткізді. Финалдық жекпе-жектің қорытындысы бойынша ол Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.


АСЛАН АСЫЛБЕКОВ-АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

- Біз бұл чемпионатқа ұзақ дайындалдық. Іріктеудің екі кезеңі өтті. Бірінші кезең Шымкентте өтті. Ал екіншісі Алматыда жауынгерлік жиын болды. Толығымен осы чемпионатқа дайындалдық. Бұл бәсекеде мен үш жекпе-жек өткіздім. Бірінші жекпе-жек Бахрейн қарсыласымен өтті. Екіншісі вьетнамдық және финалдық жекпе жекте таиландтық спортшымен қолғап түйістірдім.


Айта кетейік, алдағы уақытта спортшылар желтоқсан айында облыста өтетін республикалық турнирге дайындықты бастайды.