Петропавл қаласының әуежайына гуманитарлық жүк артылған 2 ұшақ қонды. Елордалық бизнес-қоғамдастық өкілдері су тасқынынан зардап шеккен солтүстікқазақстандықтарға қазіргі уақытта аса қажет заттарды жөнелткен. Гуманитарлық көмекті "Республика" партиясының өкілдері қарсы алды, ал әскери қызметшілер жүкті түсіруге көмектесті, оқиға орнында арна тілшілері де болып қайтты.
"Кит" Бизнес-қоғамдастығы Қазақстан бойынша 400-ден астам кәсіпкердің басын біріктіріп отыр. 8 сәуірде қоғамдастық мүшелері гуманитарлық көмек жинауды бастаған. Нәтижесінде су тасқынынан зардап шеккен қазақстандықтарға 300 млн теңгеден астам қаражат жиналды, оған 30 тонна қажетті тауар сатып алынды.
ДАМИР ЖАЙДАРБЕК, «КIТ» БИЗНЕС ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
- «КИТ» қауымдастығындағы резиденттер осы 5-6 күн ішінде қомақты көлемде қаржы жинап, бір партиясын Оралға, тағы екеуін Атырауға жіберді. Бүгін екі ұшақ, 10 тонна жүкпен Петропавлға келді. Қаржы жинауды тоқтатпаймыз, әлі де көмек болады.
Петропавлға әкелінген жүктің ішінде азық-түлік, күнделікті тұрмысқа қажет тауарлар, киім-кешек, аяқ киім, қайықтар, сорғылар және тағы басқалары бар. Оның бәрі қазір қиын жағдайға тап болған тұрғындарға аса қажет-ақ. Әскери қызметшілер ұшақтағы тауарды санаулы минутта жүк көліктеріне тиеді.
СЕРГЕЙ ДОМАЕВ, КӘСІПКЕР, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ ДЕПУТАТЫ:
- «Маған кеше хабарласып, гуманитарлық жүкті қарсы алуымды сұрады. Мен облыстық мәслихат және біздің партия атынан бұл жұмысты бақылауға алдым. Волонтерлерді, әскерилерді және әкімдік өкілдерін көмекке шақырдық. Жүкті түсіріп алдық.
ШУХРАТ АШИМОВ, ҚР ҰҰ 6637 ӘСКЕРИ БӨЛІМ КОМАНДИРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Гуманитарлық көмек қабылдау пункттеріне жеткізіліп, кейін тізім бойынша халыққа таратылады. Биылғы су тасқыны елімізде болған ең ірі табиғи апаттардың бірі. Қатер әлі бар, бірақ қазақстандықтар бірігіп, бірліктің арқасында оны жеңіп шықпақ.