Облыс орталығында С. Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Кітап – рухани жаңғырудың негізі» тақырыбында өңір зиялыларымен әдеби-танымдық кездесу өтті. Жиын барысында қатысушылар сүйікті авторлары мен шығармалары туралы пікір алмасып, ұлттық әдебиеттің қоғамдағы рөліне тоқталды.
Іс-шараның басты мақсаты — қазақ әдебиетін кеңінен насихаттау, ұлт руханиятын дәріптеу және оқырман мәдениетін қалыптастыру. Кездесуге білім, мәдениет және шығармашылық саласының өкілдері қатысты. Солардың бірі — Kozybayev University кітапханашысы Диляра Сейдахметова «Әдебиет – ұлттық мұра» тақырыбында баяндама жасап, әдебиеттің қоғамдағы маңызына тоқталды.
СНХР: ДИЛЯРА СЕЙДАХМЕТОВА, KOZYBAYEV UNIVERSITY КІТАПХАНАШЫСЫ
Кездесу барысында «Цифрландыру дәуіріндегі оқу» тақырыбында баяндама жасағандардың бірі – Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының кітапханашысы Нұрзат Әлжанова. Ол өз сөзінде балаларды кітап оқуға баулу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Кітапхана қызметкерлері оқырмандардың қызығушылығын арттыру үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырады. Айталық, авторлармен кездесулер, әдеби кештер мен оқырман сағаттары.
СНХР:НҰРЗАТ ӘЛЖАНОВА, ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ АТЫНДАҒЫ ОБЖК КІТАПХАНАШЫСЫ
Кездесу аясында қатысушылар eGovMobile платформасында жарияланған «Қазақ әдебиетінің 100 үздік шығармасы» атты жалпыхалықтық онлайн дауыс берудің таныстырылымына қатысты.Сонымен қатар, биыл алғаш рет елімізде Ұлттық кітап күні аталып өткені де іс-шара барысында ерекше атап өтілді.