Мемлекеттік білім беру гранты арқылы жоғары оқу орнында білім алған қазақстандық түлектер белгілі бір мерзім бойы мамандығы бойынша жұмыс істеуге міндетті. Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есінбаева еске салды.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқыған азаматтар меншік түріне қарамастан, ұйымдарда кемінде екі немесе үш жыл еңбек етуге міндетті. Педагогика, медицина, ветеринария мен ауыл шаруашылығы сияқты кейбір мамандықтар үшін ерекше талаптар бар. Атап айтқанда, олар ауылдық жерлерде немесе басымдық берілген өңірлерде жұмыс істеуі қажет. Бұл міндеттің орындалуын Білім және ғылым министрлігіне қарасты “Қаржы орталығы” акционерлік қоғамы бақылайды. Егер түлек аталған талапты орындаудан бас тартса, мемлекет оның оқу шығындарын сот арқылы өндіріп алуға құқылы. Жоғары білім комитетінің мәліметі бойынша, 2022–2024 жылдары мемлекеттік грантпен оқуды аяқтағандар саны — 168 мыңнан асады. Оның ішінде:
• 302 түлек — келісім-шартты толық орындады.
• 51 мыңнан астамы — қазіргі уақытта жұмыс істеуде;
• 42 мыңдай адам — міндеттен босатылған (негізінен магистратураға түскен немесе бала күтіміне байланысты);
• 60 мыңға жуық түлек — өз міндетін орындамаған.