Облыс орталығында Qyzyljar Music Fest – 2025 фестивалі басталды. Бұл – музыка, би және жарқын эмоцияларды тоғыстырған ауқымды іс-шара. Алғашқы күні қонақтарға заманауи хореография бағытындағы әсерлі бағдарлама ұсынылды. Биылғы фестивальге еліміздің түкпір-түкпірінен және жақын шетелдерден қатысушылар келді. Орталық алаңға жиылған бұқара мен өнерпаздарды фестивальдың ашылуымен облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов құттықтады.
Көрермендердің ерекше назарын аударған бағыт — брейк-данс. Бұл стиль соңғы жылдары әлемдік сахналар мен жастар жүрегін жаулап келеді. Қуатты қимыл, еркіндік пен динамика — бұл тек би емес, нағыз өнер формасы. Фестиваль кешінің хедлайнері – Париж Олимпиадасының қатысушысы, қазақстандық брейкинг шебері Әмір Закиров. Хореографтардың айтуынша, бұл бағытқа қызығушылық жыл сайын артып келеді. Жастар өзін білдірудің бір жолы ретінде көше стильдерді таңдайды және бұл үлкен сахнаға апарар баспалдаққа айналуда.
СНХР: ЕСМҰХАМЕД ИМАМБАЕВ — «СТАНЦЫЯ» БИ СТУДИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Фестиваль тек бишілер үшін ғана емес, көрермендер үшін де нағыз тартылыс алаңына айналды. Қаланың тұрғындары әр нөмірді қызығушылықпен тамашалап, әсерлерімен бөлісіп, қол соғып, сахнадағы көше өнерінің атмосферасына қуана араласты.
Брейк-баттл жеңімпаздары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Кеш соңында ашық аспан астында жарқын концерт өтті. Би сайыстарынан кейін де мереке жалғасып, кештің музыкалық бөлігін диджей жалғастырды — ол орталық алаңды заманауи ырғаққа бөлеп, көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады. Айта кетейік, Qyzyljar Music Fest – 2025 фестивалі 13 шілдеге дейін жалғасады. Күн сайын кешкісін орталық алаңда — жаңа бағдарлама, жаңа есімдер және жаздың тынысымен үндес ерекше ритм! Фестивальдің тікелей көрсетілімін «Qyzyljar» телеарнасынан сағат 19:00-де тамашалай аласыздар.