Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын. Бүгін облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған волонтерлер тобы Алматыдан келген құтқарушыларға ыстық шай мен бауырсақ таратты. Атап өту керек, еріктілердің қатарында ең жасы 60-та. Арқа сүйер алдыңғы толқынның бұл игі бастамасы баршамызға үлгі болмақ.


АЛМАГҮЛ ТАСТАНОВА, ТІЛШІ

- Ел басына күн туғанда қол қусырып отыруға уақыт мүлде жоқ. Бүгін қазыналы қарияларымыз еріктілердің қатарынан табылды. Мұрат ата 78 жаста. Осы қайрымды іспен айналысып жүргеніне біраз жыл болды. Жалпы осындай қайрымды істердің атқарылуы қаншалықты маңызды деп ойлайсыз?

- Бұл енді мынандай әрине табиғи апат алдын ала болжау қиын ғой. Табиғи апатты жою үшін бүкіл халық болып жұмылайық деп осында келіп отырмыз. Қолымыздан келген көмекті көрсетіп тұрамыз. Қысты күндері мысалы көшені қардан тазартып жатқан жұмысшыларға бірнеше рет осындай қайырымдылық шараларын өткіздік. Оларға да ыстық тамақ беріп, суық күндері солай жан жылуын көрсеттік.

- Көп рақмет елге деген қызметтеріңіз таусылмасын, сіздерге денсаулық тілейміз.


Күміс волонтерлер тобында 40 жуық адам бар. Олар аз күннің ішінде қажетті қаражат жинап, құтқарушыларға бауырсақ пен ыстық шай үлестірді.


БЕЙБІТ АБИЛЕВ, ОБЛЫСТЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІ ТӨРАҒАСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Мына біздің облыстық ардагерлер кеңесінің жанында еріктілер тобы құрылған. Осы топтың ішінде 34 кісіден астам жас зейнеткерлер одан жоғары жастары жоғары зейнеткерлер бар. Солардың енді бізде тоже басқа да еріктілер бар ғой. Жастар еріктілер бар, қоғамдық ұйымдардан еріктілер бар осы солар сияқты біз бүгінгі осы қиын жағдайда еріктілер тобы осы келген құтқарушыларға осындай көмек көрсетеміз деп осыларға осындай шараны ұйымдастырып отырмыз.


Күміс волонтерлер бұған дейін бөгеттерді бекітуге де көмектесті. Су басу аумағында тұрған аудандарды аралап, тұрғындарды ескертті, жаднамалар таратты. Мамандардың айтуынша, бұл да қазіргі уақытта үлкен көмек.


ЖАРҚЫНБЕК ЖҰПАРБЕКҰЛЫ, №18-ШІ МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ӨРТ СӨНДІРУ БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ:

- Қазіргі таңда Петропавл қаласында тұрғын үйлерді аралап, тұрғындарға су тасқыны бойынша жаднама таратылып, сонымен қатар су тасқыны болған кезде қай жерге бару керек, қандай іс қимыл жасау керек бойынша құызмет атқарып жатырмыз. Қызмет атқару барысында тұрғын үйлерде үлкен кісілердің жалғыз болуына байланысты сонымен қатар шыға алмай жатқан, көтере алмауына байланысты сондай қызметтер жасап, халыққа көмек көрсетіп жүрміз.


Жалпы су тасқыны зардабының салдарын азайтуға Петропавл қаласы бойынша ғана 500-дей волонтер ат салысқан.


Алмагүл Тастанова