Облыс жолдарында төрт күнде тәртіп сақшылары жылдамдықты асырудың 184 фактісін анықтады. Соның бірі Петропавл қаласына жақын «Челябі-Новосібір» автожолында болды. Көлік жүргізушісі полицейлердің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамай, қаша жөнелген. Тілші тарқатсын.


Петропавл қаласына жақын маңдағы «Челябі-Новосібір» автожолында жүргізуші полиция қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы заңды талабын орындамай, тоқтаудың орнына қашқан. Патрульдік полиция жасақтары көлікті қуа жөнеліп, оны тоқтатуға көшті. Қала сыртында жылдамдықты шамадан тыс асырғаны үшін ұсталған жүргізуші ереже бұзғанын мойындамай, облыс орталығына қарай бет алып, жасырынбақ болған. Жол ережесін өрескел бұзған ол полицейлерге бой бермей, көлігімен қалада жүйткіген. Бұл жағдай қалалық патрульдік полицейлерге хабарланды.


- Где, где, Арыс?

- Со стороны Хромзавода в сторону моста, Подгоры, едет, передвигается автомашина на большой скорости, не подчиняется.


Тәртіп сақшылары бірлесіп, «Мерседес» автокөлігінің жүргізушісін Партизан мен Жұмабаев көшелерінің қиылысында тоқтатты. Ер адам жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін және полицейлердің заңды талабын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, соңғы 4 айда облыста жылдамдықты асырудың себебінен екі жол-көлік оқиғасы болған. Салдарынан 8 адам жарақат алған. Сондай-ақ 10 мамырдан бастап өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Нәтижесінде 4 күнде жылдамдықты шамадан тыс асырудың – 184, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзудың – 12 фактісі анықталған, сондай-ақ мас күйде көлік жүргізген 18 жүргізуші ұсталған. Жол қауіпсіздігі бойынша күшейтілген рейдтік іс-шаралар күндіз ғана емес, түнгі уақытта да өткізіліп жатыр.


- Ваша причина остановки является то, что вы не включили ближний свет фар.

- На вас будет составлен административный протокол по ст. 602, ч. 1-1.


Бұдан бөлек, электрлі самокат жүргізушілері де басты назарда. Олар жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтерде самокаттан түспей, жолаушыларға кедергі келтіріп, жол ережесін сақтамайды. Сондай-ақ самокатпен жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға болмайды. Оған қоса, тротуармен жүргенде жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмей, жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмай жүруге рұқсат етілген. Айта кетейік, «Құқықтық тәртіп» іс-шарасының алғашқы күндері полицейлер облыста мың төрт жүзден астам түрлі құқықбұзушылықты анықтаған.