Жол саласында маман тапшы. Еліміздегі жергілікті атқарушы билікте жол құрылысы бағытында 1500 адам еңбек етсе, солардың тек 10 пайызы ғана арнайы мамандыққа ие. Осы мәселеге орай өңір жолшылары Петропавлдағы №17-ші ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің 10-11 сынып оқушыларымен кездесу өткізді. " 2000 мектеп " акциясы аясында ұйымдастырылған ашық есік күніне Жол активтері сапасының ұлттық орталығы, «ҚазАвтожол» Ұлттық Компаниясы филиалдары және «Қаж сервис» ЖШС мамандары қатысты. Іс-шараның мақсаты жастардың бұл салаға деген қызығушылығын арттыру .


Солтүстік Қазақстандағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдары жалпы 1970 шақырымды құрайды. Соңғы 5 жылда «ҚазАвтожол» ҰК 350 шақырымға жуық жолға жөндеу жұмыстарын жүргізген. Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың көлік инфрақұрылымын дамыту және күтіп ұстау мәселелері жөніндегі бөлімдері мен басқармаларында 1 500-ден астам адам жұмыс істейді. Олардың тек 10% - жол инженері деген арнайы мамандығы бар.


ҚАНАТ ӨСЕРБАЕВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» ҰК» АҚ СҚО ФИЛИАЛЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Бүгін біз мектеп оқушыларын шақырып жалпы жол құрылысы саласында жұмыс істейтін адамдардың жұмысымен таныстырып жатырмыз. Зертханаларға кіргізіп, барлық құрылғыларды көрсетеміз. Қазір өздеріңіз білетіндей маман тапшы. Сол себептен мектеп оқушыларын осы салаға тартуға барынша тырысып жатырмыз.


Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық колледжде «Автомобиль жолдары және аэродромдар құрылысы» мамандығы жастар тарапынан сұраныстың жоқтығынан 2021 жылы жабылып қалған. Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы облыстық филиалы жыл басынан бері мектеп оқушыларымен 200 ге жуық кездесу өткізген. Балалар бүгін де қызықтырған сұрақтарына жауап алды.


ЖҰЛДЫЗ ӘУБӘКІРОВА, №17-ШІ ҰЛТТЫҚ ӨРКЕНДЕУ ОРТА МЕКТЕП-КЕШЕНІНІҢ ОҚУШЫСЫ:

- Бірінші рет осындай жерге келіп отырмыз. Шақырғандарына өте қуаныштымыз себебі көптеген нәрсені көрдік. Ол мысалға лабараторияны өмірімде көрген емеспін. Көріп өте риза болдым практика жүзіндеде көрсетілді. Осы мамандық өзіме жақын болмасада Мамандар жетіспеушілігі көрініп тұр. Достарым бар басқа мектептерден соларға өзімнің бірінші көзқарасымды айтып беремін. Бұл жерде өте күшті екен.


Өңір жолшылары Петропавлдың және облыс аумағындағы мектептердің жоғары сынып оқушыларына кәсіби бағдар беріп, жолшы мамандығының қыр-сырын жеткізуде. Бұған қоса өңірдегі арнаулы білім беретін мекемелердің студенттерімен де кездесулер өтіп жатыр. Бірнеше рет “Ашық есік күндері” ұйымдастырылып, оқушылар мен студенттер зертхана жұмысымен танысты.