Облыста су тасқыны салдарынан Былғары зауыты кентінде 234 үй су астында қалды. Қазіргі уақытта олардың 77-сі әлі де суда тұр. Қалған үйлерде қазір қайта қалпына келтіру жұмыстары басталып кеткен. Мұндағы жөндеу жұмыстарына Жамбыл, Шал ақын және Есіл ауданынан келген 15 мехбригада жауапты.


Былғары зауыты кентінде қазіргі уақытта барлығы 180 үйге техникалық бақылау жүргізілген. Оның ішінде 86 үй апатты деп танылды. 64 баспананың мүлкі арнайы комиссиямен бағаланған. Ықшам аудандағы 85 үйді қайта қалпына келтіруге Жамбыл ауданының мехбригадасы жауапты. Ауданнан 35 маманнан құрылған 5 бригада үшінші мамыр күні келіп, жұмысқа кіріскен.


РУСЛАН АЮПОВ, ЖАМБЫЛ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

- Әр бригада жеті адамнан құрылған. Өзімізбен бірге барлық қажетті құрал-жабдықтар мен 8 техникамызды алып келдік. Қазіргі уақытта 6 үйдің жөндеу жұмысына кірістік. Үйлерді судан кептіріп жатырмыз. Кейін баспаналарды қайта қалпына келтіру жұмыстарына кірісеміз.


Қазіргі уақытта былғары кенті зауытындағы жалпы 23 үй қайта қалпына келтірліп жатыр. Аудандардан келген мехбригадалар тек үйлерді жөндеумен ғана емес, ықшам ауданды қоқыстан тазарту жұмыстарымен де айналысады. Былғары кентіндегі Ирина Юркованың үйі толықтай су астында қалған.Техникалық бақылау жүргізіліп, жөндеу жұмыстарына 5,5 млн теңге бөлініпті.


ИРИНА ЮРКОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:

- Біз бұл үйде 17 жыл тұрдық.Өзіміз салып едік. 2017 жылы тек біздің бақшамызды ғана су басты. Биыл үйіміз толық су астында қалды. Қазір Жамбыл ауданыаын келген мамандар барлық заттарымызды сыртқа шығарып, үйімізді кептіріп жатыр. Барлық жөндеу жұмыстары біздің қадағалауымызбен жүргізілуде. Жолдасымның денсаулығы нашар. Ал ұлым күні бойы жұмыста. Жұмысшыларға үлкен рахмет. Барлық жұмысты істеп беріп жатыр.


Ойқала ықшам ауданында және Былғары кентінде 26 үй мен 7 пәтерге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы алғанда, бүгінде ықшам аудандар мен ауылдарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу үшін 800-ден астам жұмысшы мен 400 техника жұмылдырылған.