Петропалда су басқан үйлерді бағалау жұмысы жалғасып жатыр. Хромзауыт кентінің тұрғыны Надежда Эстремскихтің баспанасын су басқан. Бүгін ол мүлікті бағалаушымен кездесіп келген шығынның көлемін анықтады.
Бұған дейін техникалық сарапшылар болған. Олар қос үйдің де тұруға жарамайтынын айтыпты. Мұндай жағдайда бағалаушы іштегі мүлікті ғана есептейді. Құжаттармен танысу барысында кемшілік анықталды. Оны жақын арада түзеу қажет.
НАДЕЖДА ЭСТРЕМСКИХ, Петропавл тұрғыны:
- Маған мұра ретінде қалған немесе қызым мен күйеу балам тұрған үйдің жері әлі рәсімделмеген. Алдағы бірер күнде тиісті құжаттарды жылдамдатып істеу бойынша өтініш берем. Мұны міндетті түрде тындыру қажет. Әйтпесе, болашақта бізді баспанамен қамту ісінде қиындықтар туындауы мүмкін. Өткен күндерді есіме де алғым келмейді. Су қас пен көздің арасында жетіп, жолындағысының бәрін басты.
Үйлерді бағалау оңай шаруа емес. Өңірімізде өткен аптаның басынан жүрген алматылық Данияр Нұрланқұлав әр баспанаға 40-50 минут жұмсайды. Мүлікті суретке түсіреді, тұрғындармен тілдеседі, құжаттарды құрайды. Араға 2-3 күн салып, жинақталған деректі жергілікті атқарушы органға береді.
ДАНИЯР НҰРЛАНҚҰЛОВ, бағалаушы маман, Алматы қаласы:
- Кейбір үйлерге барғанда адамдар құжаттар пакетін толық ұсынбайды. Барлығын анықтағанша біраз уақыт кетеді. Осы сәтті пайдалана отырып, халықтан әзір отыруды сұраймын. Екінші кезектегі мәселе - жиһаздардың бағалаушы маман үшін дайындалмауы. Егде жастағы адамдар іштегінің бәрін жылжыта алмайтыны анық. Мұндай сәтте өзіме іске кірісуге тура келеді. Көп бөгеліп қалуымызға осы сынды факторлар әсер етуде.
Бағалаушы өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Егер ол заңбұзушылыққа жол берсе, қылмыстық жауапкершілікке тартылады.