Жол-көлік оқиғаларының себебі көп. Кейінгі кезде қараусыз жүрген мал адам өміріне қауіп төндіріп тұр. Жыл басынан бері облыста жануарлардың жолға шығып кетуіне байланысты 2 ЖКО тіркелді. Салдарынан 1 адам зардап шеккен. Мұндай жағдайдарда жауапкершілік кімнің мойынында? ЖКО-ның алдын-алу үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр? Тілшіміз тарқатады.


Құрман Хамитов 20 жылдай Тайынша ауданында бақташылықпен айналысып келеді. Сондықтан төрт түлікті бағудың қыр-сырын жақсы біледі. Көзден таса қалып, өз бетімен жайылып жүрген малдың темір жол не тас жолдың үстіне шығып кетуі мүмкін. Сондықтан жануарларды көзден таса жібермеу қажет.


ҚҰРМАН ХАМИТОВ, БАҚТАШЫ:

- Осы жерде мал бағу, машина соғып кетпесін деп соның бәрін бақылап жүру керек. Сол үшін участкелік полиция қызметкерлері қайта-қайта келіп айтады. Осында жүрмеңдер, байқаңдар деп. Сондықтан осында ЖКО жиі болмайды.


Тұрғындардың арасында малды табынға қоспайтындар да бар. Салдарынан еркін жайылған үй жануарлары жолдарға шығып кетіп жатады. Салдары әрине қайғылы оқиғаға әкеп соғады.


МАРАТ ШЕКЕРОВ, КЕЛЛЕРОВКА АУЫЛЫНЫҢ УЧАСКЕЛІК ИНСПЕКТОРЫ:

- Жыл басынан бері 408-баптың 1-бөліміне сәйкес 10 хаттама толтырылды. Салдарынан тұрғындар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 3 АЕК көлемінде айыппұл төледі. Сондықтан тұрақты түрде профилактикалық іс-шаралар, тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ауыл шаруашылығы жануарлары тас жолдан тым болмағанда 100 метр шамасында алыс жайылуы керек.


Айта кеткен жөн, егер үй жануарлары мал иесінің немесе бақташының салғырттығынан жол жағалап ЖКО-на себепші болса, олар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.