Петропавлда су басқан ықшам аудандарды дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау жұмыстары жалғасып жатыр. 10 адамнан тұратын бригада қажетті құрал-жабдықпен, сағатына 3 га аумақты өңдеу мүмкіндігі бар қондырғы тағылған арнайы трактормен жабдықталған. Тілші толықтырсын.
Дезинфекциялау жұмыстары тұрғындар арасында түрлі жұқпалы аурулардың алдын-алу мақсатында жүргізіледі. Қалалық әкімдік жеке мердігер компаниямен келісімшарт жасасқан. Мамандар, су кеткен үйлерді өңдеп, кейін көшелерді дезинфекциялауға кірісті. Бригадада 10 адам жұмыс істейді. Қажетті техниканың барлығы бар .
АЛМАТ СҮЛЕЙМЕНОВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМ БАСШЫСЫ:
- Былғары зауыты кентін өңдеуді кеше бастадық. Бүгін таңертеңгі жағдай бойынша 66 үйді аралап үлгердік.Оның ішінде 16-сы аула болса, алтауы тұрғын үй. Былғары зауыты кентінде жұмыс аяқталуға жақын. Бүгін түстен кейін Ойқала ықшам ауданын өңдеуге кірісеміз.
Былғары зауыты кенті тұрғындарының бірі Наталья Федорованың айтуынша, оның үйінде су еденге дейін көтерілген. Қазір баспанадағы су кеткен, дезинфекцияланған.
НАТАЛЬЯ ФЕДОРОВА, ПЕТРОПАВЛ ТҰРҒЫНЫ:
- Кеше мамандар үйімді келіп өңдеп кетті. Баспанамның ауасы да тазарып қалды. Үлкен рахмет. Қазір күні-түні үйді судан кептіріп жатырмыз. Гараж бен сарайда су әлі де бар.
Мамандар дезинфекция жүргізілгеннен кейін тұрғындарға 1 сағатқа дейін үйіне кіруге болмайтынын ескертеді. Айта кетейік, түрлі жұқпалы аурулардың алдын-алу мақсатында Петропавлдың барлық су басқан аудандарына дезинфекциялау, дезинсекция және дератизациялау жұмыстары жүргізіледі.