Петропавлда «QNET» қаржы пирамидасымен айналысқандардың ісі сотта қаралып жатыр. Күдіктілер облыста қаржы пирамидасының филиалын ашып, 110 адамның ақшасын жымқырған. Ұйымдастырушылардың арасында- ішкі істер органдарының бұрынғы қызметкерлері бар..Ұйым қызметінен зардап шеккен тұрғындардың шығыны 110 млн теңге.


«QNET» қаржы пирамидасының филиалын ашқандар тұрғындарға компанияның халықаралық интернет саудамен айналысатынын айтып, байлыққа кенелесіздер деп сендірген. Тек оған кіру үшін қомақты қаржы 750 мың теңге төлеу керек болған. Сондай-ақ, кеңсе жалдау үшін қосымша 60 мың теңге алған. Ал клуб мүшелеріне саяхатшы картасын береміз деген.


АЗАМАТ ДОСМҰҚАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРА БАСҚАРМАСЫНЫҢ ПРОКУРОРЫ:

- Қазір қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдік бойынша 5 адам ұсталды. Оларға ҚР Қылмыстық Кодексінің 217-бабы 3-бөлімі «қаржылық пирамиданы құру және басшылық ету бойынша іс қозғалды. Күдіктілер тұрғындарды алдап, сайтқа тіркеп отырған. Және артынан тағы адам тартуды талап еткен.


Халықты көбірек тарту мақсатында ұйымдастырушылар арнайы кеңсе жалдаған.Онда түрлі кездесулер, оқыту-семинарларын өткізіп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген.


НАТАЛЬЯ ЗАХАРОВА, ЗАРДАП ШЕГУШІ:

- Біз қаржы пирамидасына ұлым екеуміз кірдік. Себебі, ұлым ол кезде жұмыссыз қалған еді. Солайша, 1,5 млн теңге төледік. Дәріс сабақтары салық инспекциясында өтті. Сондықтан, күмән болмады. сабақ 4-5 күнге созылып, мүлде басқа дүниелер айтылып кетті. Сол кезде, бірден күдіктеніп, ақшаны қайтаруды сұрадым. Бірақ, ақшамыз Малайзияға аударылып кеткенін және қайтарылмайтынын айтқанда алданғанымды түсіндім.


«QNET» қаржы пирамидасы өңірде 2018 жылдан бастап жұмыс істеген. Осы аралықта 110 адам алданып, 110 млн теңгесінен айырылды.