Петропавл қаласында оқушылар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу мәселесіне арналған жалпықалалық ата-аналар жиналысы өтті. Іс-шараға ата-аналар, мұғалімдер, құқық қорғау органдарының өкілдері және қамқоршылық кеңесінің мүшелері қатысты.
Жиын Смағұл Сәдуақасұлы атындағы №2 мектепте ұйымдастырылды. Кездесудің негізгі мақсаты білім беру мекемесі мен Қамқоршылық кеңесінің өзара ынтымақтастығын күшейтіп, оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру. Қатысушылар отбасының бала тәрбиесіндегі рөлі туралы пікір алмасып, ата-ана мен мектеп арасындағы тығыз байланыс қажет екенін атап өтті. Жиында отбасындағы жағдайдың оқушының үлгеріміне және психологиялық күйіне әсері, сондай-ақ жасөспірімдерді кәсіби бағдарлау сияқты маңызды мәселелер қаралды. Құқық қорғау органдарының өкілдері ата-аналарға құқықбұзушылықтың алдын алу, жолда жүру ережелерін сақтау және электромопедтерді тіркеу тәртібі жөнінде түсіндірді. Сонымен қатар, кездесуде мектептегі тамақтануды ұйымдастыру мен оның сапасы да сөз болды. Жиын соңында мектеп директоры барлық тараптың бірлесе жұмыс істеуі балалардың қауіпсіздігі мен үйлесімді дамуын қамтамасыз ететінін баса айтты.