Петропавл қаласында Қазақстан Конституциясы көшесін ауқымды жаңарту жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда. Бұл көше - қаланың басты қоғамдық кеңістіктерінің бірі ғана емес, сонымен қатар әлемдегі ең ұзын жаяу жүргіншілер көшелерінің қатарына жатады. Осыған орай, облыс әкімі құрылыс жұмыстарының барысын көрді. Сондай-ақ алдағы уақытта заманауи экосаябақ салу жоспарланған Пестрое көліне барды.
Жаңғырту жұмыстары барысында көше бойындағы ғимараттардың сәулеттік келбетіне айрықша назар аударылып, олардың сыртқы көрінісі біртұтас стильде жаңартылуда. Сонымен қатар, тұрғын үйлердің қасбеттерін арнайы талаптарға сай жаңалау жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр.
СНХ: СТАНИСЛАВ НАБОКОВ, «ҚЫЗЫЛЖАР ҚҰРЫЛЫС» ЖШС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Жоспар бойынша 8 үйдегі жұмыстар шілде айының соңына дейін аяқталады. Бұл үшін жеткілікті үлкен жұмысшылар құрамы жұмылдырылған. Барлық бизнес нысандарының сыртқы келбетін кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен талапқа сай жаңартады. Осыған байланысты облыс әкімі өңір кәсіпкерлерімен кездесу өткізді.
Жаңғырту барысында жаяу жүргіншілер аймақтары кеңейтіліп, жаңа жарықтандыру жүйелері орнатылады. Сондай-ақ, көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін демалуға барлық қолайлы жағдай жасалады. Жобаны жасау барысында барлығына дерлік тыңғылықты назар аударылған. Өңір басшысына қалалық әкімдік алдындағы аумақтың сыртқы бейне жобасы таныстырылды.
СНХ: НАДЕЖДА СЕДНЕВА, «МИРАС GROUP» ЖШС ДИЗАЙНЕРІ
Петропавл қаласында Пестрое көлінің маңында триатлон аймағы бар ауқымды экосаябақ құрылысы басталды. Жобаның жалпы аумағы – 41 гектар. Мұнда түрлі функцияларды біріктіретін толыққанды қоғамдық кеңістік қалыптасады: жаяу жүргіншілер, жүгіру және велосипед жолдары салынып, сахнасы мен трибуналары бар ивент-аймақ, фестивальдер мен концерттерге арналған амфитеатр, сондай-ақ жағажай аймағы пайда болады. Жалпы, жоба құны 2,8 млрд теңгеден асады.
СНХ: ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ
Облыс әкімі бұл жобаның қарапайым саябақ болудан гөрі, 14 мың адамды қабылдай алатын кең әрі заманауи қоғамдық орталыққа айналатынын ерекше атап өтті. Жаңа кеңістік қала тұрғындары үшін серуендеудің ғана емес, ірі мәдени және қоғамдық шараларды өткізуге арналған басты орынға айналады. Сондай-ақ, өңір басшысына қала жолдарындағы шұңқырлауды жөндеу жұмыстары туралы ақпарат берілді.
Өңір басшысы жол инфрақұрылымын жетілдіру мәселесіне ерекше мән беріп, жауапты мамандарға жолдарды сапалы және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Облыс әкімінің айтуынша, бұл жұмыстар мамыр айында толық аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, өңір жетекшісі реконструкциялау кезінде тұрғындар үшін қолайлы және қауіпсіз орта қалыптастыруға, сондай-ақ қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға ерекше назар аударуды міндеттеді. Барлық атқарылатын жұмыстар нақты бақылауға алынған және тиісті нұсқаулар берілді.