Новоишимдегі «Жас сақшы» сыныбы оқушыларының алғашқы сабағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысы қарқынды жүріп жатқан ортада өтті. Оларға Полиция департаменті нысандарында экскурсия ұйымдастырылды.

Бір апта бұрын Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда 26 оқушы Солтүстік Қазақстан облысындағы құқық қорғау бағытындағы бесінші «Жас сақшы» сыныбының қатарына қабылданды. Олар үшін алғашқы ауқымды іс-шара облыстық полиция департаментінің нысандарына ұйымдастырылған экскурсия болды.

Полиция қызметімен танысу департамент музейінен басталды. Бұл музей Қазақстан Республикасы ІІМ жүйесіндегі үздік музейлердің бірі саналады. Одан кейін оқушылар жедел басқару орталығында болды. Кинологиялық қызмет орталығында полицейлер оларды қызметтік-іздестіру иттерімен таныстырды. Әрқайсысы өз бағыты бойынша арнайы дайындықтан өткен. Олар із кесу, есірткі және жарылғыш заттарды анықтау және өзге де міндеттерді орындайды.

Көрсетілім барысында оқушылар полицияның төрт аяқты көмекшісінің психотроптық зат иісінің имитаторы жасырылған орынды қалай дәл табатынын көрді. «Динамо» стадионында жедел әрекет ету арнайы жасағының қызметкерлері аса қауіпті қылмыскерлерді ұстауға және өзге де арнайы міндеттерді орындауға арналған полиция жабдықтарының көрмесін ұсынды.

Болашақта бұл оқушылардың бірі полиция формасын киюі әбден мүмкін. «Жас сақшы» сыныптарында жалпы білім беру бағдарламасымен қатар заңнама негіздері мен өзін-өзі қорғау тәсілдері оқытылып, құқық қорғау қызметінің ерекшеліктері түсіндіріледі. «Жас сақшы» жобасы — мектеп қабырғасынан бастап кадр даярлау ғана емес, қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.