Өңірде 465 мектеп болса, оның 352-сі, яғни 77 пайызы шағын мектеп. Бұл Қазақстан бойынша ең жоғары көрсеткіш. Осы мектептердегі білім сапасы қандай? Кадр тапшылығы бар ма? Осы және өзге де мәселелер облыс әкімдігінде талқыланды. Жиынға Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен білім саласының өкілдері қатысты.
Шағын мектепті дамыту және қолдау - басты назарда. Депутаттардың айтуынша, бұл салада көптеген мәселе бар. Бүгінде қала мен ауыл мектептерінің арасындағы айырмашылық та жер мен көктей. Бірақ, мәжілісмендер өңірдегі ауыл мектептеріндегі білім сапасы кейбір қалалық аймақтарға қарағанда жоғары дейді.
АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
- Жалпы ауылдағы мектептердің барлығының білім сапасы төмен деп айтуға болмайды. Бірақ, негізінен ауылдағы әсіресе ШЖМ бала континенті аз мектептердің проблемалары көп. Соның ішінде кадр мәселесі бар,жетіспеушілік. Кадр даярлау мәселесі бар. Өздеріңіз жақсы білесіздер, материалдық -техникалық сұрақтар, әрине интернет мәселесі. Интернет мәселесі өкінішке орай көп мектептерде шешілген жоқ.
Өңірге іс-сапар барысында депутаттар бірнеше аудан мектептерін аралап, оқу үрдісімен танысты. Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың айтуынша, тірек мектептерге көңіл бөлу керек. Себебі, білім ордасының материалдық-техникалық базасы білім сапасына әсер етеді.
НҮРГҮЛ ТАУ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
- Біз кеше екі мектепке бардық. Біріншісі, Тоқшын мектеп-гимназиясы. Екіншісі, Тюменка ауылындағы аз қамтылған мектеп болды. Бірінші барған мектеп тірек мектебі. Тірек мектебіндегі жағдай көңілімізді алаңдатады. Мұғалімдер өз еңбегімен жасап жатыр екен. Бірақ, материалды-техникалық базасы көңілімізге қонатындай болмады. Өйткені, химия кабинетіне кіргенде, ол дұрыс істемейтініне көз жетті. Себебі, су жоқ. Және күнделікке кіру мәселесі де қиын. Өйткені интернет істемейді.
Ел бойынша шағын жинақталған мектеп үлесі 40 пайыздан асады. Онда 190 мың бала оқиды. Бұл барлық басқа мектептердегі оқушылар санымен салыстырғанда көп емес. Бірақ сапалы білім барлығына қолжетімді болуы керек. Шағын жинақты мектептерде оқу процесі ерекше ұйымдастырылған. Ол жерде бірнеше сынып қатар сабақ өтуі мүмкін. Оған себеп, білім ордасының шалғайда орналасуы, бала санының аздығынан, сондай-ақ кадр тапшылығы. Осы мәселелерді шешу үшін Білім министрлігі кешенді шаралар әзірлеген.
ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
- Қазіргі мақсат- бар осы мехнизмдерді пайдалана отырып, алдағы уақытта ШЖМ қаншалықты жақсарту керек деген мәселені қарастыруымыз керек. Министрліктің кешенді жоспарлары бар. Біріншіден, ауыл мектептерін дамытудың мәселесіне қатысты,үлкен пилоттық жоба басталды. Ол Ақтөбе облысында басталды.Келесі оқу жылынан бастап ол 5 облысқа тарайтын болады. Соның ішінде, СҚО тағы басқа да бірқатар облыстар бар.Осы пилоттық жоба шеңберінде мұғалімдерді әдістемелік қолдау жағынан жұмыс жасайтын боламыз.
Жиында еліміздің түрлі оқу орындарының өкілдері тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын да айтты. Білім министрлігі мамандарының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта шағын жинақталған мектептердегі білім сапасын нығайтуға көп көңіл бөлінбек.