Солтүстік Қазақстан облысында 4 мыңнан астам мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олардың құқықтарын қорғау және жұмыс сапасын бақылау аса маңызды бағыттардың бірі болып табылады. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша 73 мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды. Ал, қызмет сапасына жүргізілген тексерістер барысында 1900-ге жуық құқық бұзушылық фактісі анықталды.

Анықталған мемлекеттік қызметшілер құқықтарының бұзылуының басым бөлігі жұмыс уақыты режимінің сақталмауымен байланысты екені белгілі болды. Сонымен қатар, тәртіптік жауапкершілікке тарту рәсімдерінің жекелеген талаптарының бұзылуы да орын алғаны анықталған.

СНХ:ДАРХАН ЕРМЕКОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ

Сондай-ақ, «Мемлекеттік қызметтер көрсету туралы» Заңға сәйкес, көрсетілетін қызмет сапасына тексерістер жүргізу және ақпараттық жүйелер арқылы қашықтан бақылау жүзеге асырылады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 44 бақылау іс-шарасы өткізіліп, 1900-ге жуық заңбұзушылық анықталды. Бұзушылықтар негізінен сәулет және қала құрылысы, жер қатынастары, сондай-ақ ауыл шаруашылығы салаларында тіркелген.

СНХ: БОЛАТ ЕҢСЕГЕНОВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІНІҢ СҚО БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Департамент қызметінің негізгі бағыттарының бірі - өтініштерді қарау болып табылады. Айта кетейік, бірінші тоқсанда тұрғындардан 30-ға жуық өтініш келіп түскен. Көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтары бұзылғаны анықталған жағдайда, оларды қалпына келтіру үшін барлық қажетті шаралар қабылданады.