Өңірде биылғы жағдай өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда күрделі. Мәселен, былтыр осы уақытта бірде-бір орман өрті болмаса, биыл 10-ға жуық жағдай тіркеліп үлгерді. Тілсіз жау әсіресе Қызылжар, Аққайың, Есіл, Жамбыл және басқа да орман шаруашылықтарын шарпыған. Бұған қоса, облыс бойынша 100 гектарға жуық жерде құрғақ шөп пен қамыс жанған 200-ден астам оқиға болды.Осы орайда, төтенше жағдайлар департаментінің мсамандары үздіксіз рейд ұйымдастырып, тұрғындарды сақтыққа шақырады.
Күннің күрт жылынуы мен желдің күшеюі өңір тұрғындарын әбігерге салды. Қазіргі таңда қала маңындағы саяжай қоғамдастықтары ерекше бақылауда. Себебі, дәл осы жерде «көктемгі тазалық» жұмыстары жиі өртке ұласып жатады. Алайда, биыл мамандардың қолында қуатты көмекші бар. Бұл - заманауи дрондар.
СНХ: АЯН ҚҰСАЙЫНОВ, СҚО ТЖД БАСҚАРМА БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері дрон арқылы жүргізілген бақылау барысында өз үйінің ауласында ашық от жағып, қоқыс өртеген азаматты анықтады. Тәртіп бұзушыға қатысты бірден әкімшілік хаттама толтырып, ескерту жасады. Құтқарушылар екпінді жел кезінде кез келген кішігірім жалынның соңы орны толмас апатқа ұласуы мүмкін екенін қатаң ескертіп, тұрғындарды жауапкершілік танытуға шақырады.
Мамандар саяжай тұрғындарымен де тілдесті. Мәселен, осы маңда төрт жылдан бері тұрып келе жатқан Әділ Бейсенбаев өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтайтынын айтады. Оның сөзінше, сақтық шараларына бейжай қарау тек бір үйдің емес, тұтас саяжай алқабының қауіпсіздігіне нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан ол ауласында от жақпауға және құрғақ шөпті дер кезінде тазартып отыруға тырысады.
СНХ: ӘДІЛ БЕЙСЕНБАЕВ, ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
Тексеріс кезінде құтқарушылар арнайы жадынамалар да таратты. Онда отпен жұмыс істеу кезіндегі негізгі талаптар мен төтенше жағдай кезінде хабарласу нөмірлері көрсетілген.