Петропавлда тізе буынын эндопротездеудің жаңа тәсілі енгізіле бастады. Ауыр дерті бар сырқаттарға эндропротез жасау - толыққанды өмірге оралуға мүмкіндік береді. Былтыр 3 қалалық ауруханада 80-ге жуық ота жасалған. Алайда аталмыш операцияға мұқтаж жандардың саны өте көп.

Елімізде сырқаттарға тізе немесе жамбас сүйегіне эндопротез жасау жұмысы жеңілдетілді. Енді оқыстан ауыр жарақат алып, сүйегін сындырған жандар немесе кәрілікке байланысты аяғын жаза алмай қалғандарға тегін операция жасалады. Мұндай эндопротездер әлем бойынша 2 млн-нан астам адамға қойылған. Оның жүздегенін атақты хирург, ортопед Денис Римашевкий салған екен. Білікті маман Мәскеу қаласынан келіп, Петропавлдық әріптестеріне шеберлік сағаттарын өткізді.

ДЕНИС РИМАШЕВСКИЙ, ХИРУРГ-ОРТОПЕД, МЕДИЦИНА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, МӘСКЕУ Қ., РФ:

- Эндопротездерді әзірлеу үшін компьютерлік томографиялар мен мрт-ның  үлкен базасы алынды, олардың негізінде миллиондаған адамдардың анатомиялық ерекшеліктері талданып, барлығына қолайлы болатын эндопротез жасалды. Олар жамбас бетіне жақсы бейімделеді. Әрине, хирургиялық тұрғыдан оны орнату сырқат үшін аз жарақатты. Протездің өзі ондаған жылға жарамды – оған  ештеңе болмайды

Эндопротездеу - адамның тозған шеміршегіне немесе зақымданған буындары мен сынған сүйектеріне жасалатын ота. Тозған шеміршек орнына полиэтиленді жапсырма немесе темір салынады.  

ЕРЖАН ӘБУҒАЛИЕВ, 3-ҚАЛАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:

- Біздің облыста 1 мың адамның ішінен 1-еуіне  тізе буынын протездеу қажет. Біздің өңірде  500-ге жуық тізе буынына ота жасау керек.

Айта кету керек, жыл басынан бері 30 солтүстікқазақстандыққа аталмыш  ота жасалған. Тізе буынын эндопротездеуге мемлекет қазынасынан орташа есеппен 900 мың теңге жұмсалады екен.

Жансая ҚАЙЫПОВА