Биыл өңірде егіс науқаны 4,3 млн гектар алқапты қамтиды. Диверсификация аясында дәнді дақылдардың көлемі 100 мың гектарға қысқарып, 2,9 млн гектарды құрады. Майлы дақылдар алқабы 1 млн гектарға жетсе, мал азықтық дақылдар шамамен 400 мың гектарды құрайды. Сонымен қатар, жүгері егісін 15 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.

Ерте қаржыландырудың арқасында, өткен жылдың қазан айынан басталған қолдау аграрийлерге алдағы маусымға дер кезінде дайындалуға мүмкіндік берді. «Кең Дала-1 және 2» бағдарламалары бойынша жалпы 86 млрд теңге бөлінді. Оның 38 млрд теңгесі «Солтүстік» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы, ал 32,5 млрд теңгесі Аграрлық несие корпорациясы арқылы берілген. «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы техника жаңартуға 5 пайыздық жеңілдетілген мөлшерлемемен 35 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды. Ал «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» арқылы форвардтық сатып алуға 8,8 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, биыл алғаш рет пилоттық режимде қызыл жасымық сатып алуға 171 млн теңге қаржы қарастырылып, мемлекеттік қолдау шараларының кеңейіп жатқанын көрсетті. Өңірде 455 мың тонна тұқым дайындалып, олардың барлығы сапа сараптамасынан өткен. Егіс жұмыстарына 10 мыңнан астам трактор, 14 мыңға жуық сепкіш және 1,5 мың заманауи егіс кешені жұмылдырылмақ.

СНХР: ДӘУРЕН ТОКУЖИНОВ, СҚО АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ