Бескөл ауылында СҚО құрылғанына 90 жыл толуына орай “Үздік ауылдық мәдениет мекемесі- 2026” облыстық байқауы аясында “Әнім саған туған жер” атты іс шара өтті. Сайысқа аудан өнерпаздары, мәдениет қызметкерлері мен ауыл тұрғындары белсенді қатысып, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Аудандық байқауға 250-ден астам адам қатысты.

Іс-шара аясында қолөнершілер байқауы ұйымдастырылып, ұлттық бұйымдар көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Көрмеде ағаш, киіз және зергерлік бұйымдар қойылып, келушілерге дәстүрлі өнердің ерекшелігі таныстырылды. Қатысушылар өз шеберліктерін көрсетіп, ұлттық қолөнерді дәріптеуге үлес қосты.

СНХ: БИБІНҰР ЖАМАЛИЕВА, ҚОЛӨНЕРШІ, БӘЙТЕРЕК АУЫЛЫ

Байқау көрігін қыздырған сөз додасы – айтыс өнері жиналған қауымды ерекше әсерге бөледі. Сахна төрінде ойы ұшқыр, тілі өткір ақындар суырыпсалмалық шеберліктің шыңын көрсетіп, аталы сөзбен маржан тізді. Жалпы, өңірімізде ақындардың көпшілігі Қызылжар ауданында тұрады. Айта кетейік, облыстық “Үздік ауылдың мәдениет мекемесі -2026” байқауы 13 сәуір күні басталды.

СНХ: СЕРІК ШОРАЛЫ, ҚЫЗЫЛЖАР АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ

Қызылжар ауданы - он бестен астам этнос өкілдерінің басы бірігіп, татулықтың туын тіккен құтты мекен. Мереке аясында ақ шаңқан киіз үйдің іші достық пен берекенің символына айналды. Бір шаңырақтың астына жиылған түрлі этнос өкілдері өздерінің төл мәдениеті мен салт-дәстүрін паш етіп, ұлттық құндылықтарының гауһар тізбегін көрсетті. Бұдан бөлек, жілік сындыру бойынша ұлттық сайыс өтіп, қатысушылардың ептілігі мен күш-жігері сынға түсті.

СНХ: АБАЙ СӘДУӘҚАСОВ, ТӨРЕШІ

Осыдан кейін киелі сахна төрінде аудан өнерпаздарының мерекелік тартуы басталды. Бағдарлама аясында фольклорлық ансамбльдер, жеке орындаушылар мен би ұжымдары өздерінің жоғары деңгейдегі дайындықтарын көрсетті.

Аталмыш байқау барлық аудандарда кезең-кезеңімен өткізіледі. Іріктеуден дара шыққан ең үздік өнерпаздар облыстық байқауда бақ сынайды.