Негізгі Жаңалықтар Солтүстікқазақстандық кикбоксшы әлемнің вице-чемпионы атанды

Солтүстікқазақстандық кикбоксшы әлемнің вице-чемпионы атанды

Солтүстікқазақстандық кикбоксшы Жеңіс Құғабай әлем чемпионатынан күміс жүлдемен оралды. Қыркүйектің 18 мен 27 аралығында Италияның Венеция қаласында кадеттер мен жастар арасында кикбоксингтен әлем біріншілігі өтті. 81 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен жерлесіміз үш жекпе-жектің екеуінде жеңіске жетіп, әлемнің вице-чемпионы атанды. 

Жеңіс Құғабайдың әлемдік додаға жолы ұлттық чемпионаттан басталды. Дәл осы жарыста ол Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Одан кейін спортшы маусымның басты бәсекесіне дайындыққа кірісті. Бірнеше аптаға созылған жаттығулар мен Алматыдағы оқу-жаттығу жиындары әлем чемпионаты алдындағы соңғы дайындық кезеңі болды.

СНХР: ӘДІЛ НҰРЖАУЫПОВ, СҚО КИКБОКСИНГ БОЙЫНША АҒА ЖАТТЫҚТЫРУШЫСЫ

Жеңіс Құғабай спорттағы алғашқы қадамын каратэден бастаған. Кейін кикбоксингке ауысып, спорт бұл түрімен үш жылдан астам айналысып келеді. Биыл ол Қазақстан чемпионатында жеңіске жетіп, ел құрамасы сапында әлем чемпионатына қатысуға жолдама алды. Айта кетейік, халықаралық турнирде солтүстікқазақстандық үш жекпе-жек өткізді. Спортшының сөзінше, алғашқы екеуінде жеңіске жетсе, шешуші айқас ең қиыны болған.

СНХР: ЖЕҢІС ҚҰҒАБАЙ, КИКБОКСИНГТЕН ӘЛЕМНІҢ ВИЦЕ-ЧЕМПИОНЫ

Қазір спортшы жаттығуын жалғастырып, жаңа жарыстарға дайындалуда. Ол келер жылдың сәуірінде Қазақстан чемпионатында сынға түседі. Мақсаты – әлем чемпионатында жинаған тәжірибесін алдағы жарыстарда тиімді пайдалану.

Бөлісу