Үздік жедел уәкіл
15 хабар-ошарсыз кеткен адамды тауып, 7 қылмыскерді ұстаған: СҚО-да үздік жедел уәкіл анықталды. Полицейлер арасындағы кәсіби байқаудың қалай өткенін облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің материалынан көріңіздер.
Жақсы дене дайындығы, табельдік қаруды меңгеру, заңнаманы білу – мұның бәрін облыстық полиция департаментінде өткен «Үздік жедел уәкіл» байқауына қатысушылар дәлелдеуі керек болды. Оның қорытындысы бойынша полиция майоры Рахат Ғалиасқаров жеңімпаз атанды.
Рахаттың жедел қызметтегі еңбек өтіліне 8 жыл. Ол криминалдық полиция басқармасында іздестіру бағыты бойынша аға жедел уәкілі болып жұмыс істейді. Биыл Рахат хабар-ошарсыз кеткен 15 адамның жүрген жерін анықтап, жедел-іздестіру жұмыстары барысында 7 қылмыскерді жеке өзі ұстады. Сондай-ақ қызметтік іссапар барысында Омбы мен Түмен қалаларында алаяқтық және ұрлық жасады деген күдікке ілініп іздеуде жүрген екі қылмыскерді ұстады.
Спорт залында, тирде және тестілеу барысында жоғары нәтиже көрсеткен Рахат жеңіске жетті. Енді ол Астанада өтетін байқаудың республикалық кезеңінде облыс намысын қорғайтын болады.