Облыс әкімі Тайынша ауданына жұмыс сапарымен барды
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Тайынша ауданына жұмыс сапарымен барды. Ғауез Нұрмұхамбетов аудан орталығы мен бірқатар ауылды аралап, әлеуметтік маңызы бар жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. Сондай-ақ жаңа нысандардың құрылысын тексерді.
Ғауез Нұрмұхамбетовтың жұмыс сапары аудандағы спорт нысандарын аралаудан басталды. Мәселен, Келлеровка ауылында волейбол алаңы мен «Keller Arena» футбол алаңы салынған. Жобаның жалпы құны – 20 миллион теңге. Оның 17 миллион 300 мың теңгесі облыстық бюджеттен, 2 миллион 700 мыңы жергілікті қазынадан бөлінген. Жаңа спорт алаңдары ауыл тұрғындарының, әсіресе жастардың бас қосатын орнына айналды. Келлеровкада 400-ге жуық оқушы бар. Енді олар жылы мезгілде спортпен ашық аспан астында айналыса алады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
Бұдан кейін өңір басшысы аудан орталығына аттанды. Тайыншадағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда жастармен қатар аға буын өкілдері де спортпен тұрақты айналысады. Аптасына үш рет 60 жастан асқан тұрғындарға арналған «Денсаулық топтары» жаттығуы өтеді. Қазір бұл топта 40-қа жуық адам бар. Сонымен қатар Ғауез Нұрмұхамбетов ауданның жылыту маусымына дайындығын тексерді. Бүгінде Тайынша қаласына екі қазандық қызмет көрсетсе, тағы төртеуі ауылдық округтерді жылумен қамтиды. Жұмыс сапары барысында облыс әкімі «Тайынша Тазалық» кәсіпорнына қарасты «Железнодорожный» шағын ауданындағы қазандықтың жұмысымен танысты.
ӘДІЛЕТ РАХЫМЖАНОВ – ТАЙЫНША АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
Одан әрі Ғауез Нұрмұхамбетов 130 төсек-орынға шақталған Тайынша көпбейінді ауданаралық ауруханасына барды. Биыл мұнда мемлекетке қайтарылған активтер есебінен жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Оған Арнайы мемлекеттік қордан 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, облыстық бюджеттен тағы 137 миллион теңгеден астам қаражат бағытталған. Сонымен қатар бұл – ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасына енген еліміздегі 32 медициналық ұйымның қатарындағы өңірдегі жалғыз аурухана.
МАҚСАТ ҚҰДРАТУЛЛАЕВ – ТАЙЫНША КӨПБЕЙІНДІ АУДАНАРАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Осы жерде медицина мамандарына 12 арнайы автокөліктің кілті табысталды. Көліктер жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қолдауымен сатып алынған. Енді олар ауданның 18 ауылдық округіндегі тұрғындарға медициналық қызмет көрсету үшін пайдаланылады.
СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ – «АСТЫҚ-STEM» ЖШС ДИРЕКТОРЫ
Облыс әкімі аудандық полиция бөлімінің жаңғыртылу барысымен де танысты. Бөлім заманауи цифрлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұл полицейлердің жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Тайыншада жедел басқару орталығы жұмыс істейді. Оған аудан орталығындағы 72 бейнекамера қосылған. Сапар барысында Ғауез Нұрмұхамбетов әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобаны да көрді. Солардың бірі – бес қабатты тұрғын үй құрылысы. Жаңа ғимаратта 24 пәтер болады. Сондай-ақ өңір басшысы әлеуметтік осал топтарға арналған 18 пәтерлі үш үйдің құрылысын тексерді. Әр баспанада 6 бір бөлмелі, 7 екі бөлмелі және 5 үш бөлмелі пәтер қарастырылған. Үйлерді биыл қазан-қараша айларында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, аудан орталығында «Digital Aimaq» бастамасы аясында креативті IT-орталық ашылған.
НҰРГҮЛ БОЛАТОВА – SKO HUB ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
Жаңа IT-орталық инвестиция тарту мен халықаралық ынтымақтастықты дамытуға арналған алаңға айналмақ. Өңір басшысы Қытай компанияларының өкілдерімен кездесті. Инвесторлар облыста терең өңдеу зауытын және цифрлық коммерция кеңсесін ашуды жоспарлап отыр.