Есіл ауданында қарттарға құрмет көрсетілді
1 қазан — Халықаралық Қарттар күніне орай Есіл ауданында «Алтын күз, алтын жүректер» атты мерекелік бағдарлама өтті. Аға буын өкілдеріне ізгі құрмет көрсетіліп, ашық аспан астында концерт пен күзгі мерекелік шара ұйымдастырылды.
Явленка ауылының Орталық алаңында ұйымдастырылған мерекелік шараға аудан тұрғындары мен ардагерлер көптеп жиналды. Оларды аудан әкімі Мереке Мұхамедияров құттықтады. Ол қарияларға ауданның дамуына қосқан өлшеусіз үлестері мен өмірлік мол тәжірибелері үшін шынайы алғысын білдірді. Мұнан соң ауыл бүлдіршіндері сахнаға шығып, еңбек ардагерлеріне арнайы сыйлықтар табыстап, ұрпақтар сабақтастығының жарқын үлгісін көрсетті.
МЕРЕКЕ МҰХАМЕДИЯРОВ – ЕСІЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
Салтанатты жиын көңілді интерактивті бағдарламамен ұласты. «Ауылдың алтын таланты» өнер сайысында қарияларымыз сахнада өлең оқып, ән шырқады. Белсенді қатысушыларға жергілікті бау-бақша өнімдерінен әзірленген сыйлықтар табысталып ауданның күзгі жиын терімін паш етті. Айта кету керек, аудандық Мәдениет үйінде апаларымызға арналған «Жерлес» қазақ ұлттық тобы мен «Алтыным» вокалдық ұжымдары жұмыс істейді. Әсіресе, биыл құрылғанына 30 жыл толып, «Халықтық» атағын иеленген «Отрада» орыс ұлттық вокалдық тобының орны бөлек. Аптасына бірнеше рет дайындалатын бұл топтар мерекеде өз өнерлерін ортаға салды.
ЖЕҢІС КЕМЕЛОВ — ЕСІЛ АУДАНЫ ӘКІМДІГІНІҢ МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ ТІЛДЕРДІ ДАМЫТУ БӨЛІМІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ
Мерекені тамашалауға жиылғандар бұл күннің ерекше ыстық ықыласқа толы болғанын жеткізді.
Күздің берекелі де шуақты күнімен тұспа-тұс келген бұл жиын қариялардың көңіліне қуаныш сыйлап, ел бірлігі мен үлкенге құрметтің айқын көрінісіне айналды.