Ұстаздықты ұлықтаған әулет
Солтүстік Қазақстанда ұстаздықты ұрпақтан-ұрпаққа дарытқан әулеттер аз емес. Сондай жандардың бірі қаламыздағы Қожаберген жырау атындағы № 6 мектепте балаларды білім нәрімен сусындатып жүр. Саналы ғұмырының қырық жылын ұстаздық жолға арнап оны өмірінің мәніне айналдырған жан туралы әріптесім Әсем Әкімқызы баяндайды.
Шынар Сейітқызының ұстаздық жолы бір күнде басталған жоқ. Бұл — әкеден балаға жалғасқан мамандыққа деген сүйіспеншілік. Оның әкесі Сейіт Темірханұлы қырық жылдан астам уақыт Аққайың ауданындағы Аралағаш ауылында математика пәнінен сабақ берген. Ұстаздықпен қатар домбыра үйірмесін ұйымдастырып, шәкірттерінің білімін ғана емес, өнерге деген қызығушылығын да арттырған.
ШЫНАР ТЕМІРХАНОВА, ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ АТЫНДАҒЫ №6 МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОҚУ ІСІ ЖӨНІНДЕГІ ОРЫНБАСАРЫ, МУЗЫКА ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
Әке жолын бүгінде үш қызы жалғап келеді. Үлкен қызы Жібек — тарих пәнінің мұғалімі. Кенже қызы Құралай да ұзақ жылдар бойы бала тәрбиесіне үлес қосты. Ал Шынар Сейітқызы №6 мектепте 27 жылдан бері еңбек етіп келеді. Бүгінде ол директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметімен қатар, музыка пәнінен, вокал мен домбырадан сабақ береді. Осы уақыт ішінде талай шәкіртке өнер мен білімнің қыр-сырын үйретіп, ұстаздық жолын абыроймен жалғастырып келеді.
СЫМБАТ БАРАШЕВА, МУЗЫКА ПӘНІ МҰҒАЛІМІ
40 жыл ішінде талай шәкірттің алғашқы ұстазы, ақылшысы болды. Бүгінде сол оқушылардың арасында өнер мен білімнің әр саласында еңбек етіп жүргендері аз емес. Ұстаз үшін бұдан асқан марапат та жоқ шығар.
ЖАНСАЯ САРСЕМБАЕВА, 9 СЫНЫП ОҚУШЫСЫ
Бір әулеттің үш буыны емес, бір әулеттің бірнеше мүшесі білім саласына ғұмырын арнаған. Темірхановтар әулетінің педагогика саласындағы жалпы еңбек өтілі — 132 жыл. Бұл талай шәкірттің жүрегінде қалған жылдар. Өйткені ұстаздың еңбегі мектеп қабырғасымен шектелмейді. Ол шәкіртінің өмір жолында жалғасады. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген сөздің мәні де осында.