Жүрек жылуын ұрпаққа арнаған ұстаздар әулеті
«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дейді дана халқымыз. Ұстаздық – бір адамның ғана емес, тұтас әулеттің өмірлік жолына айналса, оның тағылымы да терең болмақ. Шал ақын ауданынан бастау алған Айжарқыновтар әулетінің ұстаздық жолы туралы әріптесім Әсем Әкімқызы айтып береді.
Бұл әулеттің ұстаздық шежіресін Зураш Байдолқызы Сейтенова бастады. Ол 45 жыл бойы Жаңажол ауылында математика пәнінен сабақ беріп, талай шәкірт тәрбиеледі. Анасының ұстаздық жолы балаларына да өмірлік бағыт болды. Бір ұл, үш қыз білім саласын таңдап, бүгінде шәкірт тәрбиелеп жүр. Әулеттің үлкен қызы Гүлшат Амантайқызы Астана қаласындағы №79 мектеп-лицейде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ береді. Еңбек өтілі – 31 жыл. Ал Гүлназ Амантайқызы 26 жылдан бері Петропавлдағы Әбу Досмұхамбетов атындағы гимназия-интернатта бастауыш сынып оқушыларына білім беріп келеді.
СНХР: ГҮЛНАЗ ШАМҒАНОВА, Ә.ДОСМҰХАМБЕТОВ АТЫНДАҒЫ ГИМНАЗИЯ-ИНТЕРНАТТЫҢ БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМІ
Отбасындағы жалғыз ұл – Данияр Амантайұлы да ұстаздық жолдан айныған жоқ. Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияда 24 жылдан бері дене шынықтыру пәнінен дәріс береді.
СНХР: ДАНИЯР АЙЖАРҚЫНОВ, С.ШАЙМЕРДЕНОВ АТЫНДАҒЫ ҚАЛАЛЫҚ КЛАССИКАЛЫҚ ГИМНАЗИЯНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ
Ал кенже қыз Гүлнұр Амантайқызы Әлихан Бөкейхан атындағы №25 мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беріп келеді. Оның ұстаздық жолына биыл 19 жыл толды.
СНХР: ГҮЛНҰР ЕЛУБАЙ,
Бір әулет, бір мақсат, бір мамандық. Әрқайсысының еңбек ететін мектебі бөлек болғанымен, мұраты бір – білімді, тәрбиелі, елге қызмет ететін ұрпақ қалыптастыру. Бүгінде Айжарқыновтар әулетінің білім саласындағы жалпы еңбек өтілі – 145 жыл. Бұл – 145 жылдық тәжірибе, талай шәкірттің тағдырына жасалған ықпал, сансыз балаға берілген білім мен тәрбие.