Жедел көмек шақыруға арналған sos батырмасы
«Мұнда жол-көлік оқиғасы болды, адамдар көмек сұрап жатыр!» — Петропавл қаласындағы Назарбаев көшесінде орналасқан «Северный» дүкенінің маңындағы «SOS» батырмасын басқан егде жастағы ер адам полицияға осындай хабарлама берген. Аталған сервистің қалай жұмыс істейтіні туралы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі дайындаған материалдан таныса аласыздар.
Жол-көлік оқиғасы 13 шілде күні, түскі қарбалас уақытта орын алған. Екі автокөлік соқтығысып, адамдардың зардап шеккенін көрген жүргінші дереу полиция шақырады. Бақылау камерасы, дабыл жүйесі және жедел байланыс арнасымен жабдықталған қызыл түсті «SOS» батырмасы дәл сол маңда орналасқан. Бұл жағдай заманауи технологиялардың полиция көмегін жедел әрі қолжетімді ете түсетініне нақты дәлел.
Биыл 8 айдың қорытындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында «102» омниканалды қосымшасы мен eGov Mobile, Kaspi және Halyk платформаларындағы «Заң және тәртіп» сервисі арқылы 548 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 276 өтініш жол жүрісі қағидаларын бұзу мен жол-көлік оқиғаларына қатысты болған. Түскен ақпараттарды тексеру нәтижесінде 23 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды, оның біреуі есірткі тарату қылмысына байланысты.
СНХР: Тұрар Базаров — СҚО ПД ЖБО бейнебақылау кезекші инспекторы
Бүгінде тәртіп сақшыларымен байланысу кез келген адам үшін қолжетімді. Ол үшін кейде айналаға мұқият қараудың өзі жеткілікті — себебі қажетті көмек батырмасы дәл қасыңыздан табылуы мүмкін.