Негізгі Жаңалықтар Петропавлда жаңа нысандар бой көтеріп жатыр

Петропавлда жаңа нысандар бой көтеріп жатыр

Петропавлда ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асырылып жатыр. Өңір орталығында көпбейінді аурухана, жаңа өнеркәсіп орындары мен энергетика нысандарының құрылысы қарқынды. Маңызды нысандардың бой көтеру барысын СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов арнайы барып көрді. Жобалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын әріптесім баяндайды.

 Петропавлда аймақтағы ең ірі медициналық нысандардың бірі көпбейінді облыстық аурухананың құрылысы жалғасуда. Нысандағы жұмыс барысын өңір басшысы бағалап қайтты. Қазіргі уақытта алаңда ғимараттың сыртқы және ішкі әрлеуі қатар жүріп жатыр. Терезелер, инженерлік желілер, желдеткіш пен электр жүйелері монтаждалуда. Қалған жұмыстарды қараша айына дейін аяқтау жоспарланған.

 Аурухананың жалпы аумағы 92 мың шаршы метрден асады. Нысанда 250 адам еңбек етуде. Емдеу мекемесін 2027 жылдың қыркүйегінде пайдалануға беру жоспарланған. Өңір басшысы жұмыс қарқынын бәсеңдетпей, қауіпсіздік техникасын қатаң сақтауды тапсырды. Келесі аялдама құны 4,4 миллиард теңгені құрайтын жаңа қосалқы станция. Ол болашақ аурухана мен «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағын үздіксіз электр қуатымен қамтамасыз етеді. Құрылысты жыл соңына дейін аяқтау көзделген.

Тағы бір маңызды нысан ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдерін шығаратын «Бейкертон» ЖШС зауыты. Жобаны «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында ресейлік инвесторлар жүзеге асыруда. Бұл кәсіпорын өңірдегі ең ірі әрі заманауи технологиямен жабдықталған өндіріс орындарының бірі болмақ.

 Мұнда құрылыс жұмыстары мәресіне жақындап қалған. Ішкі әрлеу мен абаттандыру аяқталуға жақын, инженерлік желілер қосылып, қоймалар дайындалды. Тамыз айының соңына дейін нысанды толық аяқтау жоспарланған. Одан кейін өндірісті іске қосу-реттеу жұмыстары басталады. Жұмыс сапарының соңғы нысаны «Казкран» ЖШС машина зауыты болды. Кәсіпорын жобалаудан бастап дайын өнімді бояуға дейінгі толық циклді көпірлі крандарды шығарады. Өндірістік аумақ көлемі 13 мың шаршы метрден астам. 

Бөлісу